- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда қандай радиоактивті қалдықтар жиналған және оларды кім сақтайды?
Қазақстанда қандай радиоактивті қалдықтар жиналған және оларды кім сақтайды?
Бүгінгі таңда Қазақстанда радиоактивті қалдықтар бірнеше салада пайда болады.
12 Наурыз 2026, 10:08
Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу және пайдалану мәселесі қарастырылып жатқан тұста ядролық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу, сондай-ақ оның ұзақ мерзімді экологиялық және әлеуметтік салдары негізгі тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл бағытта мемлекет қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отырғаны жөнінде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Радиоактивті қалдықтарға мемлекеттік бақылау
Редакцияның ресми сауалына берген жауабында агенттік радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мемлекет бақылауында екенін және мұндай қызметке міндетті түрде лицензия қажет екенін мәлімдеді. Мұндай қалдықтарды жинау, тасымалдау және сақтау жұмыстарын тек тиісті рұқсаты бар әрі ядролық, радиациялық және санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтайтын жеке және заңды тұлғалар ғана жүргізе алады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған арнайы полигондар жоқ. Сондықтан олар ұзақ мерзімді сақтау орындарында сақталып келеді. Сонымен қатар Агенттіктің мәліметінше, Мәжілісте «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта қалдықтарды көму нысандарын салу мен пайдалануға айрықша құқық берілетін ұлттық оператор құру көзделген.
Қазір радиоактивті қалдықтар елде бірнеше бағытта қалыптасады: ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдалану кезінде, тау-кен және қайта өңдеу өнеркәсібінде, соның ішінде уран саласында, сондай-ақ медицинада, өндірісте және ғылыми зерттеулер барысында.
Жыл сайын пайда болатын радиоактивті қалдықтардың көлемі әртүрлі болуы мүмкін екенін Агенттік атап өтті. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстардың сипатына және қолданылатын технологияларға байланысты. Қалдықтардың мөлшеріне медицина мен өнеркәсіпте сәулелену көздерін пайдалану, нысандарды пайдаланудан шығару жобалары, аумақтарды тазарту және қалпына келтіру, радиациялық тексерулердің нәтижелері, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу тәсілдері әсер етеді.
Қазақстанда пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу жүйесі әлі қалыптасу үстінде
Агенттік мәліметінше, бүгінде Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды сақтаумен 27 лицензиясы бар ұйым айналысады. Қалдықтар олардың меншігіндегі арнайы бөлмелер мен қоймаларда сақталады. Бұл орындарда барлық қажетті қауіпсіздік талаптары сақталады.
Сонымен бірге пайдаланылған ядролық отынға қатысты мемлекеттік саясаттың түпкілікті моделі әлі қалыптасу кезеңінде екені айтылды. Қазір кезең-кезеңімен жүзеге асатын тәсіл қарастырылып жатыр: алдымен уақытша сақтау, кейін қайта өңдеу, ұзақ мерзімге сақтау немесе түпкілікті көму мәселесі шешіледі.
Пайдаланылған ядролық отынды елден шығару немесе тасымалдау мәселесі Қазақстанның ұлттық заңнамасына, халықаралық міндеттемелерге және қажет болған жағдайда үкіметаралық келісімдерге сәйкес шешілетін болады, – деп мәлімдеді агенттіктен.
Радиоактивті қалдықтарды сақтау талаптары
Агенттіктің мәліметінше, Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды сақтайтын нысандарға қатаң қауіпсіздік талаптары қойылады. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық ережелерімен және Энергетика министрлігінің салалық нормаларымен белгіленген. Мұндай объектілерде радиациялық жағдай тұрақты бақылауда болады, ғимараттардың жай-күйі мен қорғаныш кедергілері тексеріліп отырады, қалдықтардың есебі жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының орындалуы қадағаланады.
Радиоактивті қалдықтарды ел ішінде тасымалдау да қатаң реттеледі. Бұл тек лицензия болған жағдайда ғана жүзеге асырылады және қаптау, таңбалау, тасымалдау шарттары, персоналдың дайындығы мен көлік құралдарының жай-күйі жөніндегі талаптарға сай болуы тиіс. Қажет болған жағдайда физикалық қорғау шаралары қарастырылып, төтенше жағдайларға әрекет ету дайындығы қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздік талаптарына байланысты тасымалдау бағыттары жария етілмейді және арнайы тәртіппен анықталады.
Халықаралық ынтымақтастық
Агенттік Қазақстанның радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отын мәселелері бойынша Халықаралық атом энергиясы агенттігімен ынтымақтасып отырғанын мәлімдеді. Бұл әріптестік техникалық көмек көрсетуді, заңнаманы жетілдіруге қолдау беруді, халықаралық сарапшылардың қатысуын, сондай-ақ мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыруды қамтиды.
Бұдан бөлек, Қазақстан ТМД аясындағы салалық ынтымақтастық форматтарына қатысып, пайдаланылған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық әрі радиациялық қауіпті нысандарды пайдаланудан шығару мәселелерін бірлесіп қарастырады.
Сонымен қатар қазақстандық ұйымдар бірқатар шетелдік компаниялармен және ұйымдармен серіктестікті дамытып келеді. Атап айтқанда, Германияның NUKEM Technologies, Швейцарияның NAGRA және Ресейдің ТВЭЛ компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Бұдан бөлек, радиоактивті қалдықтарды түпкілікті басқару және оларды геологиялық көму саласында үлкен тәжірибесі бар Францияның ANDRA агенттігімен және Финляндияның Posiva Oy компаниясымен ынтымақтастық мүмкіндіктері пысықталып жатыр.
Ең оқылған:
- "Өте жуас отбасы": Атыраудағы қылмысқа қатысты жаңа деректер шықты
- Мереке күндері жұмыс істегендерге екі есе ақы төленеді
- Әрбіріміз еліміздің тағдырына әсер ете аламыз – "Жаңа адамдар" Қозғалысының көшбасшысы
- Мәулен Әшімбаев: Жаңа сын-қатерлерді еңсерудің жасампаз жолы
- Атырауда 8-сынып оқушысы жараланды