Астанада өткен Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының биылғы Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларының заңнамалық жалғасы болды.
Бұл – қателік жасаған, бірақ түзелу жолына түскен азаматтарға берілетін мемлекет тарапынан ізгілік актісі. Біз әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау білдіруіміз қажет, - дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Рақымшылық кімдерге қолданылады?
Заң жобасы аясында бас бостандығынан айырылған және пробация есебінде тұрған 15 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілігеді деп күтіліп отыр. Оның ішінде:
632 адам түрме мекемелерінен тікелей босатылады;
3 500 адам пробация қызметінің есебінен шығарылады;
1700-ден астам адамға рақымшылық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалғаны үшін қолданылады.
Рақымшылық қылмыстық теріс қылық және онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға, сондай-ақ залал келмеген немесе өтелген жағдайларда қолданылады.
Әйелдер мен әлеуметтік осал топтарға басымдық
Рақымшылыққа іліккендердің арасында:
833 әйел (оның ішінде 109-ы босатылады, 724-інің жаза мерзімі қысқарады);
Әлеуметтік осал топтағы 629 адам (жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар аналар, зейнеткерлер, мүгедектер және т.б.) қамтылады.
Рақымшылық жобасын пысықтау барысында балалары бар ерлер мен әйелдерге қатысты нақтылау енгізілді. Бір ғана баланың болуы рақымшылыққа ілігу үшін жеткілікті болатыны заңда көрсетілді, - деп түсіндірді депутат Светлана Имашева.
Қай қылмыстар рақымшылықтан тыс қалады?
Аса ауыр және қайталанған қылмыстар үшін рақымшылық қарастырылмайды. Атап айтқанда:
Мемлекеттік құпияларды жария ету,
Сыбайлас жемқорлық,
Рецидивистер жасаған қауіпті және аса қауіпті қылмыстар.
Бұл арқылы заң жобасы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуді мақсат етеді.
Экономикалық тиімділік және әлеуметтік бейімдеу
Заң жобасы қабылданған жағдайда мемлекетке келесі экономикалық және әлеуметтік тиімділіктер күтілуде:
Жылына шамамен 5 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделеді;
ҚАЖ мекемелеріндегі жүктеме азаяды;
Сотталғандарды ұстау жағдайлары жақсарады;
Босатылған азаматтарды әлеуметтендіру және бейімдеу үшін жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеледі.
Бүгінгі заң жобасы адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып жасалған. Бұл – тек құқықтық емес, адами, моральдық акт, - деді Абзал Құспан.
Жобаны әзірлеу барысында Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Сот әкімшілігі, Әділет және Еңбек министрліктері, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері де қатысты. Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасына оң қорытынды берді.
Енді заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.
Еске салайық, осыған дейін түрмеде отырғандарға рақымшылық жасалатын болды деп хабарланған. Сонымен қатар жемқорларға рақымшылық жасала ма деген тақырып көтерілген. Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалатыны да айтылды.