2024 жылы 4,8 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтардың 25,8%-ы ғана қайта өңделді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев IX Еуразиялық жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі бизнес форум кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы еліміздің барлық өңірлерінде дерлік қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу желілерінің құрылысын қолдап, қаржыландыруда. Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге қатысты 63 жоба министрліктің инвестициялық штабында екінші мақұлдау кезеңінен өтті. Бұл штаб құрамында жергілікті атқарушы органдар, министрліктің құрылымдық бөлімшесі ретінде “Жасыл даму”, Экология министрлігінің өзі және инвесторлар бар, - деді вице-министр.
Жомарт Әлиевтың айтуынша, қазір жобалар Өнеркәсіпті дамыту қорында қаржылық сараптамадан өтіп жатыр. Қор мақұлдағаннан кейін қаржыландыру “Жасыл даму” АҚ тарапынан жүзеге асады.
Біздің ойымызша, бұл құрал қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу көлемін арттыруға серпін береді. Қазіргі таңда елімізде жыл сайын 4,5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық түзіледі, оның 26%-ы ғана қайта өңделеді. Осы тетік пен жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында министрлік қайта өңдеу көлемін 40%-ға дейін арттыруды көздеп отыр, - деді вице-министр.
Жомарт Әлиев Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге кедергі жоқ екенін, оған уақыт керегін айтты.
Айта кетейік, заңнамалық ілгерілеулерге қарамастан, қалдықтарды сұрыптау мемлекет бойынша барлық жерде енгізілмеген, халықтың жүйеге деген сенімі төмен, ал бизнес үшін бұл сала әлі де тиімсіз болып отыр.