Елімізде қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2024 жылдан бері кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы жалпы құны 302,3 миллиард теңгені құрайтын 61 жоба мақұлданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жеңілдетілген несиелеу механизмі Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған. Бағдарлама аясында қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін сатып алуға және қайта өңдеу қуаттарын құруға жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен, 15 жылға дейін несие беріледі.
2026 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша «Жасыл даму» АҚ 113,6 миллиард теңге сомасына 28 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде қарыз алушылар 98,9 миллиард теңгені игеріп үлгерді.
Қазіргі таңда 11 жоба пайдалануға берілді. Оның төртеуі өндірістік режимде жұмыс істеп тұр. Олар – Қостанай облысындағы «Еділ и Компания» ЖШС мен «Рудный-Абат-2006» ЖШС, Қызылорда облысындағы «Ком хоз Жаңақорған» ЖШС және Шымкент қаласындағы «Эко Шина» ЖШС.
Тағы жеті жоба аясында 112 бірлік арнайы техника сатып алынған. Олардың қатарында «Шебер Спецмаш» ЖШС, «АҚ Тәртіп» ЖШС, «Clean village» ЖШС, «L-Trading» ЖШС, «Zero Waste Ақтау» ЖШС және «Спецавтобаза» кәсіпорындарының жобалары бар.
Жыл соңына дейін тағы 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алты ірі нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар 2027-2028 жылдары пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда қалдықтарды сұрыптау қуаты жылына 2,2 миллион тоннаға, қайта өңдеу қуаты 1,1 миллион тоннаға артады. Нәтижесінде 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр.