Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда пилотсыз такси қашан іске қосылады

Бүгiн, 13:17
67
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстанда 2027 жылы аэротакси іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Біз 2027 жылы пилотсыз жүк көліктері бойынша алғашқы пилоттық жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал пилотсыз такси, жолаушы тасымалы қашан пайда болуы мүмкін? Бұл жоба да бар. Тіпті біз заң жобасын дайындап жатырмыз. Тек пилотсыз такси ғана емес, аэротакси де болады. Құжатты келесі жылы Парламентке енгіземіз. Біз жаңа технологияларды Қазақстанда қолдану үшін уақытпен бірге ілесуге тырысамыз. Мұнда ең маңызды мәселе – қауіпсіздік. Егер қауіпсіздік қамтамасыз етілсе, жолаушылар тасымалы да кезең-кезеңімен енгізіледі, - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол пилотсыз таксидің де болатынын жоққа шығармады.

Пилотсыз такси келесі жылы немесе 2027 жылы пайда болуы әбден мүмкін. Әлемде мұндай тәжірибе бар. Бірақ олардың жұмысына белгілі бір шектеулер қойылады. Мысалы, интернеттен қарап көруге болады, біз Шэньчжэньге барған кезде пилотсыз такси жүрді, бірақ рөлде жүргізуші отырды. Мен өзім оны түсіріп алғанмын. Қала ішінде көлік көп, кептеліс те тығыз, бірақ машина А нүктесінен В нүктесіне орталық арқылы дәл жеткізді. Дегенмен жүргізуші отырды. Бұл – аралық кезең. Бізде де осылай, қауіпсіздікті сақтау үшін, біртіндеп енгізілетін болады, - деді Нұрлан Сауранбаев.

Пилоттық жобаны ЕАЭО елдерімен бірлесіп, шекарадағы өткізу бекеттерінен бастау жоспарланған. Бұл жүк тасымалын жеделдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Сәуірбаевтың айтуынша, пилотсыз машиналар тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады. Бұл жеткізу жылдамдығын арттырып, экологияға түсетін салмақты төмендетеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда жолдар пилотсыз көлік құралдарын енгізуге дайындалып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы