Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасын таныстырған Парламент Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасында халықты құжаттандыру процедураларын оңтайландыратын және кейбір заңнамалық актілердегі ескерілмеген тұстарды жүйелейтін ұсыныстар көзделгенін айтты.
Депутат заңның нақты алғышарттарына тоқталып өтті.
Адам құқықтарын қорғау, қолдағы заңнама нормаларын Конституцияға сәйкестендіру, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешу, азаматтардың мүддесін қамтамасыз ету, көші-қон мәселелерінде мемлекеттік реттеуді жақсарту, құқық олқылықтарды болдырмау, жою, - деп айтты Ғазиз Құлахметов.
Оның сөзінше, биылдың 1 қаңтардан бастап Ішкі істер министрлігіне тікелей қатысы жоқ кейбір функциялар мен құзырет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өткен.
Министрлік енді босқындар мәселесімен айналысу, еңбек мигранттарына рұқсат беру және ол рұқсаттың мерзімін ұзарту, көші-қон процестерін реттеу шараларын әзірлеу және осы мәселе аясында ведомствоаралық үйлестіруді жүргізеді. Бұл мәселелер 2022-2026 жылдарға арналған ҚР көші-қон концепциясымен де реттеледі, - дейді Мәжіліс депутаты.
Құлахметов заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.
Бірінші, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңның 3-бабы Конституцияның нормасына сәйкес келтіріледі. Бұл заңның 3-бабында шетелдіктердің құқықтық жағдайы қағидаттарында «сенім» деген ұғым жоқ. Бұл құқықтық олқылықты түзеу керек боп тұр. Екінші, «Төтенше жағдайлар туралы» заңды «Жеке басты куәландыратын құжаттардың, лицензиялардың, рұқсаттардың және төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар беретін өзге де құжаттардың қолдану мерзімі» деген жаңа жаңа баппен толықтыру ұсынылып отыр. Үшінші, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 1-бабының 8-тармағына сәйкес, шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру мақсатымен келген эмигрант, - деп айтты ол.
Депутат баяндағандай, көшіп келушіге берілген құжат мерзімінің аяқталуына орай, еңбек келісімшартын да біржақты тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажет.
Төртінші, 2020 жылдан бастап, жасы 16-ға толмаған балалардың фотосуретін ата-анасының төлқұжатына жабыстыру және тиісті жазба жүргізу нормасы жойылған болатын. Қазір шетелге шығу үшін әр баланың төлқұжаты болуы керек. Сонымен қатар физиологиялық процесті ескере отырып, 12 жасқа толғанша баланың төлқұжатын әр бес жыл сайын, ал 12-16 жас аралығындағы балалардың құжатының жарамдылық мерзімі қазіргідей өзгеріссіз 10 жыл болып қалады, - деп толықтырды Ғазиз Құлахметов Мәжілісте.
Депутат құжат ауыстыру жиілігін өзгерту бастамасына орай, төлқұжат алуға мемлекеттік баж мөлшерін де 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін екі есе төмендету ұсынылатынын айтты.