Қазақстанда отбасымен бірге ең көп оқылатын TOP-10 кітап анықталды

Отбасымен бірге оқуға жиі таңдалатын 10 кітап белгілі болды.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 14 Шілде 2026, 20:22
14 Шілде 2026, 20:22
161
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Отбасымен бірге ең көп оқылатын TOP-10 кітап анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытумен қатар, отбасымен бірге кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға да ерекше мән беріліп келеді. Бұл игі үрдіс ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, баланың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті дарытып қана қоймай, отбасы мүшелерін ортақ құндылық төңірегінде біріктіреді.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша барлық буын қызыға оқитын 10 шығарма айқындалды. Тізім республикалық маңызы бар үш және өңірлердегі 17 кітапхананың мәліметі негізінде жасалды, - деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі. 

Министрліктің мәліметінше, шығармалардың тізімін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегі бастайды. Бұл туындыны 13 кітапхана ең көп оқылатын кітаптардың қатарына енгізген. Шығармада отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтар кеңінен көрініс тапқан. Сондықтан ол бүгінгі күні де әр буын оқырман үшін тағылымы мол туынды ретінде бағаланып келеді.

Ең көп оқылатын TOP-10 кітап

  • «Ұшқан ұя» - Бауыржан Момышұлы

  • «Махаббат, қызық мол жылдар» - Әзілхан Нұршайықов

  • «Абай жолы» - Мұхтар Әуезов

  • «Менің атым Қожа» - Бердібек Соқпақбаев

  • «Әке мен бала» - Ыбырай Алтынсарин

  • «Ай мен Айша» - Шерхан Мұртаза

  • «Көшпенділер» - Ілияс Есенберлин

  • «Жусан иісі» - Сайын Мұратбеков

  • «Түнде атылған оқ» - Кемел Тоқаев

  • «Ауылдан шыққан миллионер» - Сәуле Досжан

Жинақталған мәлімет елімізде көбіне балалық шақ, ел тарихы, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тақырыптарын арқау еткен шығармаларға қызығушылық басым екенін көрсеткен.

Еске салайық, бұған дейін елімізде балалар қандай кітаптарды көп оқитыны белгілі болды. 

Наверх