«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова оқу бағдарламалары өзгертілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары оқу бағдарламаларын әр 5-6 жылда өзгерту мәселесін көтерді.
Бұл білімді технологиялардағы, цифрландырудағы басқа да әлемдік өзгерістерге икемдеу үшін қажет. Ыбырай Алтынсарин атындағы академия ұжымы бүгінде жаңа оқу бағдарламаларын әзірледі. Бұл ұжымның практик педагог және әдіскерлермен, ғалымдармен бірге жасаған екі жылдық еңбегінің нәтижесі. Бұл бағдарламалар оқушылардың білім дағдыларын тереңдетуге, функционалдық сауаттылығын әрі қарай дамытуға бағытталған, - деді Дүйсенова.
Бағдарламалардың апробациясы осы жаңа оқу жылында, ал оларды кезеңдеп енгізу 2025-2026 оқу жылынан басталмақ.
Сондықтан министрлік пен облыстық оқу басқармалары оны ұстаздар қауымына жеткізу, қажет болса берген ұсыныстарды ескере отырып, жаңа бағдарламаны өзгертіп, биыл бекіту қажет. Мұнан кейінгі қадам оқулықтарды даярлау, басып шығару, электрондық нұсқаларын дайындау жұмыстары да мұқият терең жұмысты қажет етеді. Сонымен қатар педагогтерді дайындайтын жоғарғы оқу орындары мен колледж бағдарламалары қайта қаралуы қажет. Бұл орайда министрлікке оқу бағдарламаларын бекіту жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, - деп атап өтті ол тамыз конференциясында.