Несиенің құны Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты, ал ол қазіргі таңда 16,5% деңгейінде тұр. Бұл мөлшерлеме жоғары инфляция мен басқа да факторларға байланысты төмендетілмей отыр. Соған қарамастан, қазақстандықтар несие алуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкі соңғы отырысында базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды, ол ±1 пайыздық тармақ дәлізімен 16,5% деңгейінде бекітілген.
Бұл несие бойынша нарықтық пайыздық мөлшерлемелердің жоғары күйінде қалатынын білдіреді. Бірақ бұл ретте депозиттер де тиімділігін сақтап отыр, өйткені олар бойынша сыйақы мөлшерлемесі де жоғары.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, мұндай мөлшерлеме экономикада, әсіресе инфляцияда, тым көп өзеріс болып жатқанын көрсетеді.
Бағаның өсуі жалғасуда, басты себеп – ішкі факторлар
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы инфляция сырт көзге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2025 жылдың мамырындағы жылдық инфляция 11,3%, ал маусымдық ауытқуларды алып тастағандағы таза инфляция – 10,1%.
Бір жақсысы – базалық инфляция төменірек және баяу өсіп келеді. Дегенмен қазіргі жылдық инфляция деңгейі алаңдаушылық тудырады. Бірақ Ұлттық банктің болжамдары инфляцияның алдағы уақытта төмендеуіне үміт береді. Ең бастысы – инфляциялық күтулердің нашарлауына жол бермеу, – дейді Сұлтанов.
Сондай-ақ сарапшы бағаның өсуі негізінен ішкі себептерге байланысты екенін атап өтті. Негізгі қозғаушы күш – қызмет көрсету саласы, әсіресе реттелетін қызметтер:
• қызмет көрсету саласындағы бағалар жылдық мәнде 16,0%-ға өсті;
• коммуналдық қызметтер – "тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасының нәтижесінде қымбаттаған.
Сонымен бірге нарықтық қызметтер де (медицина, кафелер, сұлулық салондары) қымбаттауда. Бұл бизнестің шығындарының артуымен және инфляциялық күтулермен байланысты.
Қазақстандықтар кез келген жағдайда несие алуда
Базалық мөлшерлеменің жоғары болып қалуының тағы бір себебі – тұтынушылық импульстың тұрақты болуы. Яғни, қазақстандықтар ақшаны жинағаннан гөрі жұмсауды көбірек қалайды. Бұған мына көрсеткіштер дәлел:
• ІЖӨ-нің өсімі – +5,6% (2025 жылдың І тоқсанында),
• бөлшек сауда – +6,1%,
• тұтынушылық несиелер – +11,3% нақты мәнде,
• теңгедегі жинақтардың баяулауы.
Жоғары сұраныс экономикада "қызып кетуге" алып келуде.
Сонымен қатар инфляциялық күтулер әлі де орнықпаған:
• халықтың инфляцияны қабылдауы – 13,5% деңгейінде,
• алдағы бір жылда күтілетін инфляция – 14,1%,
• ал 5 жыл ішінде – 13,7%.
Ұлттық банк мөлшерлемені неге жоғары күйінде қалдыруып отыр?
Сарапшының айтуынша, ҰБ мөлшерлемені "экономиканы тұншықтыру үшін" емес, инфляцияның негізгі себептері жойылмағандықтан жоғары күйінде ұстап отыр:
Сұраныс та, фискалдық ынталандыру да әлсіреген жоқ. 16,5% мөлшерлеме – "бәрі нашар" деген белгі емес, бұл тұрақтылық аймағына әлі жетпегеніміздің белгісі. Бұл сақтандыру шарасы. Оны қазір инфляцияның күшейіп қайтып келуіне жол бермеу үшін төмендету ерте, – дейді Руслан Сұлтанов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтардың арасында онлайн-несие алушылар саны күн санап артып келеді. 2024 жылдың өзінде электронды түрде берілген шағын несие көлемі 1 трлн теңгеге жеткен.