Мемлекеттік басқару академиясы орталығының басшысы, саяси ғылымдар кандидаты Жанар Бұқанова елімізге неліктен электронды сайлау өткізілмей отырғанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Біз дамыған елдердің жүйесіне қарап өз сайлауымызды жетілдіріп келеміз. Қазіргі таңда толығымен электронды сайлауға көшкен ел - Эстония. Бұл мемлекетт кішігірім, саны аз болғандықтан электронды науқан өткізу ыңғайлылық тудырған деп ойлаймын. Ал бізде бұл форматқа көшу талқыланып жатыр, - деді сарапшы.
Спикердің сөзіне қарағанда, елімізде электронды сайлау өткізу үшін өте жоғары қауіпсіздік керек.
Өз тәжірибемізде, электронды сайлаудың кемшіліктерін байқадық. Мәселен, әрбір адам өз төл құжатының ЖСН-мен кіріп, интефикациялық код арқылы дауыс береді. Бұл сайлаушылардың кім кімге дауыс бергені туралы ақпарат басқа біреудің қолына кетсе, бүкіл заң күшін жояды. Оның салдарынан, жасырын дауыс беру құқығы бұзылып, адамның құқығы бұзылады. Ол қандай да бір кибершабуылдың кесірінен болуы мүмкін, - деді Бұқанова.
Орталық сайлау комиссиясы 1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет сайлау ұйымдастырды. Бұл ең бірінші рет демократиялық принциптерге негізделіп өткізілген науқан болды. Орталық сайлау комиссия 31 жыл осы принцип аясында өз модельн қарастырып келе жатыр деп айтуға болады, - деді ол.
Спикердің айтуынша, елдегі науқанның халықаралық прициптерге негізделгенін айқындайтын халықаралық дәрежедегі екі құжат бар.
Біріншісі - Копенгаген келісімшарты. Онда бүкіл демократиялық принциптер айқын көрсетілген. Яғни, азаматтардың сайлау теңдігі, азаматтардың дауысты жасырын беруі құқығы сонымен қатар ешбір органдармен қадағаланып, бақыланбауы туралы анық көрсетілген. Екінші құжатымыз, - ТМД елдерінің арасындағы құжат. Онда да осы қағидаттар жазылған. Бүкіл мемлекеттер осы халықаралық құжаттарға негіздеп өз сайлауларын ұйымдастырады деп айтуға болады, - деді Жанар Бұқанова.