«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақмола облысында өзен-көлдердің жағалауын тазарту мақсатында ауқымды республикалық экоплоггинг өтті.
Іс-шараға 300-ге жуық қатысушы, атап айтқанда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ақмола облысы әкімдігі, республикалық волонтерлік мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Акция «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» тұжырымдамасын іске асыра отырып, патриотизм мен табиғатты аялауды насихаттауға бағытталған.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы экожүйеге қажет маңызды дүниелерді бірге жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі экоплоггингтің мақсаты тұрғындар мен туристер, әсіресе жастар арасында экологиялық мәдениетті арттыру болды», – деп атап өтті ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров.
Экоплоггинг салауатты өмір салты мен қоршаған ортаға деген қамқорлықты насихаттайды. Акцияға қатысушылар жүгіру кезінде қоқыстарды жинады. Бұл тек денсаулықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, акция аясында Қазақстан бойынша 60-тан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 5 мыңға жуық волонтер, ҮЕҰ және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Мәселен, Қызылорда облысында қатысушылар Сырдария өзенінің сол жағалауын тазартты, Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын тазарту мақсатында экоакция өтті, ал Павлодар облысында «Jasyl Cross» экологиялық марафон өткізілді.