2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі 215 микроқаржы ұйымының 63-і шығынмен жұмыс істеген. Олардың жиынтық шығыны 24,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ал барлық микроқаржы ұйымдарының жалпы пайдасы жыл қорытындысында 48,96 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам азайған.
Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда жылды шығынмен аяқтаған микроқаржы ұйымдарының саны 48-ден 63-ке дейін көбейген. 215 ұйымның ішінде осынша компания табыссыз жұмыс істеген.
Жалпы шығын көлемі де айтарлықтай артқан. Егер бұрын бұл көрсеткіш шамамен 5 млрд теңге болса, қазір 24,2 млрд теңгеге жетіп, бес есеге жуық өскен.
Жыл ішінде ең үлкен шығынға ұшыраған ұйымдардың қатарында «ОнлайнКазФинанс» (Solva брендімен белгілі) бар. Оның шығыны 10 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ Credit365 Kazakhstan 3,2 млрд теңге, CreditNova 1,5 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған.
Бұдан бөлек, 1 млрд теңгеден асатын шығын тіркелген тағы бір ұйым – Dem Finance. Қалған микроқаржы ұйымдарының шығын көлемі бұдан едәуір төмен болған.
Соған қарамастан, сала бойынша жалпы пайда сақталған. 2025 жылдың қорытындысында микроқаржы ұйымдарының жиынтық табысы 48,96 млрд теңгені құрады. Алайда бұл өткен жылғы 99 млрд теңге көрсеткішінен екі есе төмен.
Ең жоғары табыс тапқан микроқаржы ұйымдарының қатарында «Робокэш.кз» бар. Оның пайдасы 11,5 млрд теңгені құраған. Одан кейін «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» – 10 млрд теңге және TAS Group – 8 млрд теңге пайда тапқан.
Мамандардың айтуынша, микроқаржы ұйымдарының табысының төмендеуіне микронесиелер беру талаптарының қатаюы әсер еткен. Бұл шараларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу мақсатында енгізген.
Белгілі болғандай, Қазақстанда кредит беру азайып жатыр.