Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына магистратурада білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысы өтті.
Отырыста үміткерлердің өтініштері қаралып, қолданыстағы қағидаларға сәйкес конкурстық іріктеу негізінде мемлекеттік білім беру гранттары бөлінді.
Республикалық комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, білім беру саласындағы кәсіподақтардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Биыл қанша өтініш түсті?
Биыл конкурсқа қатысу үшін 23 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың өтінішке көп.
Қай бағыттар сұранысқа ие?
Болашақ магистранттар арасында ең танымал бағыттар:
* «Педагогикалық ғылымдар»;
* «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар»;
* «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары».
Конкурс нәтижелері қашан жарияланады?
Конкурс нәтижелері 2026 жылғы 25 тамызға дейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.
Осылайша, конкурсқа қатысушылар нәтижелерін алдағы күндері біле алады.
Магистратураға қабылдау қашан өтеді?
Болашақ магистранттарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына 2026 жылғы 28 тамызды қоса алғанда қабылдау жүргізіледі.
Талапкерлерге конкурс нәтижелері жарияланатын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми парақшаларын тұрақты бақылап отыру ұсынылады.