Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда “күйіп кететін ұшақ билеттерінің” дәуірі аяқталуы мүмкін

Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жылдар бойы шешілмей келген мәселе – “күйіп кететін билеттер” түбегейлі жойылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары авиацияны тұтынушылар құқығын қорғау жүйесіне қайтарып, әуекомпаниялардың жауапкершілігін күшейтетін реформа ұсынып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, дайындалып жатқан заң жобасында авиация саласын тұтынушылар құқығын қорғау жүйесіне қайта енгізу қарастырылып жатыр. Енді әуекомпания билетті қайтармай, орнына ваучер беретін заман артта қалуы мүмкін

Депутаттың айтуынша, 2018 жылы авиация секторын тұтынушыларды қорғау туралы заңнан шығарып тастаған лоббистік нормалар саланың бақылаусыз қалуына әкелген.

Авиация саласы автобус, такси, теміржол сияқты бақылауда болуы тиіс еді. Бірақ кезінде лоббистер әуекомпанияларды заңнан шығарып жіберді. Соның салдарынан біз оларды тексере алмай қалдық, – деді депутат.

Негізгі өзгерістер:

Барлық билеттердің қайтарылуы қайта енгізіледі
Депутаттың айтуынша, “қайтарылмайтын билет” деген ұғым заңнан алынып тасталады. Әбеновтің түсіндіруінше, билетті қайтарғанда әуекомпания тек 10% ұстап қала алады – бұл халықаралық тәжірибеге сай.

Ваучермен қайтару тәжірибесі тоқтатылады
Оның айтуынша, қазір кейбір әуекомпаниялар тұтынушы ақшасын қайтарудың орнына заңсыз ваучер ұсынуда.

Ваучер – мүлде заңда жоқ. Ақша нақты қайтарылуы керек, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі жүйеде тұтынушы билетті қайтарғаны үшін айыппұл төлесе, әуекомпания ұшуды тоқтатқанда немесе кешіктіргенде ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Бұл да қайта қаралып жатыр.

Тұтынушыға 40 мыңға билет сатып, “ұшпадың, ақшаң күйді” деуге жол берілмейді. Компания тек 10% ұстап қалуы мүмкін. Ал өзі ұшпай қалса немесе рейсті кешіктірсе, жауапкершілік жүйесі болуы тиіс, – деді Әбенов.

Оның айтуынша, Қазақстанда лоукостерлер шетелге қарағанда бірнеше есе қымбат билет сатады, ал билеттерді қайтару кезінде ақшаны депозит не сертификат ретінде ұстап қалу – заңсыз тәжірибе.

Шетелде 20-30 доллар тұратын бағыттар бізде 100 долларға сатылады. Ал билет қайтарғанда нақты ақша бермей, “депозит” жасайды. Мұндай жүйе ешбір елде жоқ, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы