Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқармасының төрағасы Ерік Байжүнісов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ерік Байжүнісовтің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда қатерлі ісіктен 13 886 адам көз жұмған.
Бұл үрдіс сақталып отыр. Жыл сайын қатерлі ісіктің түрлі түрлерінен 13 мыңнан 15 мыңға дейін адамнан айырылып отырмыз, – деді ол.
Оның айтуынша, медицина қаншалықты дамыса, бұл ауру да соғұрлым жиі анықталады.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 41 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Бұл – елде күн сайын орта есеппен 113 жаңа науқас тіркеледі деген сөз. Қазіргі таңда онкологиялық аурулар бойынша есепте 234 мың науқас тұр. Бұл – ауқымды скринингтер мен ерте диагностика жұмыстарының да нәтижесі... Қатерлі ісік неғұрлым ерте, бастапқы кезеңінде анықталса, науқастардың өмір сүру ұзақтығы мен аман қалу көрсеткіші соғұрлым жоғары болады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіштер жақсарып келеді, бұл, сөзсіз, елеулі жетістік, – дейді басқарма басшысы.
Еске салсақ, Қазақстандағы өлім-жітімнің басты себептері белгілі болды.