ОКҚ-да балалардың құқықтарына қатысты өткен дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабагина көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бала тууға арналған біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Биыл дүниеге келген бірінші, екінші және үшінші балаларға – 140 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 232 мың теңгеден астам төленеді, - деді Ғалия Жабагина.
Сөзінше, жыл басынан бері бұл жәрдемақыны 136 мыңнан астам отбасы алды
Жұмыс істемейтін әйелдерге 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәмдемақы беріледі. Ол ай сайынғы жәрдемақы баланың туу кезегіне байланысты болады. Мысалы, бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 21 266 теңгеден 32 859 теңгеге дейін, - деп айтты Еңбекмині өкілі дөңгелек үстелде.
Сонымен қатар МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы жұмыс істейтін әйелдердің орташа айлық табысының 40%-ын құрайды.
Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап бала күтімін жүзеге асыратын ата-аналар үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілген.
Көпбалалы отбасыларға қанша теңге төленеді?
Еңбекминінің өкілі 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Жәрдемақы мөлшері – 4 баласы бар отбасы үшін 59 183 теңгеден 8 баласы бар отбасылар үшін 118 144 теңгеге дейін балалар саны бойынша сараланған. Ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала санына байланысты 14 768 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 601,8 мың отбасына төленеді, бұл мақсаттарға 474,8 млрд теңге қарастырылған», – деді Ғалия Жабагина.
Кім мемлекеттен өмір бойы жәрдемақы алады?
Көпбалалы аналардың беделін арттыру үшін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, ол табысына қарамастан «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге төленеді. Биыл бұл жәрдемақыны 237 мың 598 анаға төлеу жоспарланып отыр, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған.