2025 жылдың қорытындысы бойынша контейнермен тасымалданған жүк көлемі 2203 мың жиырма футтық эквивалентке жеткен. Ал биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында контейнерлік тасымал көлемі 742 мың ЖФЭ-ні құрады.
Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі жыл сайын өсіп келеді. Бұл елдегі логистика саласының дамып, транзиттік әлеуеттің күшейіп жатқанын көрсетеді.
Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2115 мың ЖФЭ болған. Осылайша бір жыл ішінде контейнерлік тасымал көлемі айтарлықтай өскен.
Сонымен қатар контейнерлендіру деңгейі де артқан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,7% болса, 2025 жылдың қорытындысында 8%-ға дейін көтерілді.
Оң динамика 2026 жылы да жалғасып отыр. Биылғы қаңтар–сәуір айлары аралығында контейнерлік тасымал көлемі 742 мың ЖФЭ-ні құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 709 мың ЖФЭ болған. Ал контейнерлендіру деңгейі 8,2%-дан 8,5%-ға дейін өсті.
Сарапшылар мұндай өсімді экспорттық, импорттық және әсіресе транзиттік контейнерлік тасымал көлемінің артуымен байланыстырады. Бұл Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздеріне сұраныстың артқанын аңғартады.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында елімізде контейнерлік және мультимодальды тасымалды дамытуға арналған арнайы бағдарламалық құжат қабылдау жоспарланып отыр, - деді Көлік министрлігі.
Құжатта терминалдық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық сервистерді кеңейту, кедендік және технологиялық рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ контейнерлік операцияларды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру секілді бағыттар қамтылады.