Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда кімге қысқартылған жұмыс аптасы мен қосымша демалыс беріледі?

Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстанда мүгедектіктің болуы жұмысқа орналасуға кедергі емес. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның ақпаратынша, жұмысқа қабылдау кезінде негізгі өлшемшарттар – үміткердің кәсіби дағдылары мен денсаулық жағдайына байланысты медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы немесе болмауы.

Еңбек кодексіне сәйкес, мүгедектігіне байланысты азаматты жұмысқа қабылдаудан бас тартуға немесе оны жұмыстан босатуға тікелей тыйым салынған.

Сонымен қатар еңбек жағдайлары мүгедектіктің тобына қарай белгіленеді. Осыған орай, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға бірқатар кепілдік қарастырылған.

Атап айтқанда:

  • жұмыс аптасының ұзақтығы 36 сағаттан аспайды;
  • кемінде 6 күнтізбелік күн қосымша ақылы демалыс беріледі.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар:

  • зиянды және қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарға;
  • үстеме жұмысқа;
  • демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа;
  • вахталық әдіспен жұмысқа жіберілмейді.

Ал түнгі жұмысқа тарту тек жазбаша келісімімен ғана мүмкін.

Министрлік бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, әдетте, арнайы жағдай жасалған жұмыс орындарында еңбек ететінін атап өтті. Мысалы, олар жабдықталған немесе бейімделген жұмыс орнында жұмыс істей алады.

Үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар орташа айқын бұзушылықтары бар санатқа жатады. Олар қалыпты еңбек жағдайында жұмыс істей алады. Бұл санат үшін жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы – аптасына 40 сағат.

Үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарды үстеме немесе түнгі жұмысқа тарту тек олардың жазбаша келісімімен және егер бұл денсаулық жағдайына қарсы келмесе ғана жүзеге асырылады.

Министрлік ең басты талап мүгедектік тобына қарамастан, әрбір нақты жағдайда белгілі бір қызметке медициналық қарсы көрсетілімдердің бар-жоғы екенін атап өтті. Бұл жөнінде қорытындыны дәрігерлік-консультативтік комиссия шығарады.

Бұл комиссия азаматтың нақты еңбек міндеттерін орындау қабілетін анықтайды.

Өзгелердің жаңалығы