economyKZ.org Қазақстандағы орташа айлық жалақының өзгерісін және оны халықтың тамаққа жұмсайтын шығынымен салыстырып көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросы деректері бойынша, соңғы 7 жылда Қазақстандағы орташа айлық жалақы 2,6 есеге өсті. Бірақ табыстың номиналды өсімін ғана емес, халықтың шығыны қалай өзгергенін де қарастыру маңызды.
Егер жалақы өссе, бірақ тамаққа жұмсалатын қаражаттың үлесі азаймаса, бұл халықтың тұрмыс деңгейінің айтарлықтай жақсармағанын көрсетеді. Алайда орташа айлық жалақының едәуір өскеніне қарамастан, қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығыны өзгерген жоқ.
2017 жылы отбасы бюджетінің 46,6%-ы тамаққа жұмсалса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 50%-ға жетті. Басқаша айтқанда, табыстың өсуі өмір сүру сапасын жақсартқан жоқ – қазақстандықтардың көпшілігі бұрынғысынша негізгі қажеттіліктерге көп қаражат жұмсап, басқа мүмкіндіктерден шектеліп отыр.
Қазақстанның әр өңіріндегі азық-түлік шығынының құрылымын қарасақ, табыс деңгейіндегі айырмашылық артып келе жатқанын байқауға болады.
Тамаққа ең көп қаражат жұмсайтын аймақтар – Алматы, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстары. Бұл өңірлерде отбасылық бюджетке жүктеме жоғары, демек, халықтың сатып алу қабілеті де төмен болып қала береді.
Осылайша Қазақстанда табыс деңгейі төмен тұрғындар, әсіресе жоғарыда аталған аймақтарда тұратын халық, жалақысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Бұл жағдай елдегі әлеуметтік теңсіздік мәселесін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.