Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкіметте өткен брифингте тұрғын үй бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, мемлекет тұрғын үй нарығындағы баға саясатына араласпайды.
Бұл – нарықтық қатынас. Керісінше, кейбір деректерде бағаның төмендеп жатқаны, жекелеген көрсеткіштердің сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеріп отырғаны айтылып жүр. Жалпы, баға белгілеу бойынша нақты әдістемеміз бар. Әрбір құрылыс элементінің құны қалай қалыптасатыны және соған сәйкес баға саясаты қалай айқындалатыны есептеледі, – деді Қуандық Қажкенов.
Вице-министрдің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша министрлік жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыруға шамамен 219 млрд теңге бөлген.
Біз бұл көлемді ұлғайтып келеміз. Әлеуметтік осал топтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған баспананы өзіміз салмаймыз. Оларды дәл қазір бағаны 20-30%-ға көтеріп отырған жекеменшік құрылыс компанияларынан сатып аламыз. Бұрын мемлекет жалға берілетін тұрғын үйлерді өзі салып, сатып алу рәсімдерін жүргізетін. Қазір бұл жұмысты нарық атқарады. Кейбір өңірлерде, атап айтқанда Атбасарда әкімдіктер бизнес-класс санатындағы пәтерлерді де сатып алып, оларды кезекте тұрған азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға беріп жатыр, – деді вице-министр.