Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда кейбір зейнетақы төлемдері салықтан босатылды

Нұрқанат Атажан
22 Шілде 2025, 10:39
5406
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Келесі жылдан бастап БЖЗҚ-дан алынатын қаражат 10% мөлшеріндегі жеке табыс салығымен (ЖТС) салық салуға жатпайды. Тиісті өзгерістер жаңа Салық кодексі аясында қабылданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда мемлекеттік зейнетақыға салық салынбайды, алайда зейнетақы төлемдеріне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) салық салынады.

Атап айтқанда, қазіргі кезде қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында жинақтарының бір бөлігін алған кезде 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлейді.

Алайда мұндай жағдай тек 2025 жылдың соңына дейін ғана сақталады. 2025 жылдың 18 шілдесінде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды, ол басқа жаңалықтармен қатар, зейнетақы жинақтарына салынатын ЖТС-ны алып тастайды.

Krisha.kz порталы атап өткендей, жаңа ережелерге сәйкес қазақстандықтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын 10% салықсыз ала алады. Сондай-ақ салықтан осы жылы жинақтарын алған, бірақ ЖТС-ны зейнетке шыққанда төлеуді таңдаған азаматтар да босатылады деп күтілуде.

Ал салықты бірден төлеген азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін жоғалтты, төленген табыс салығы қайтарылмайды.

Осыған байланысты қазақстандықтарға 2025 жылы біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде салықты кейінге қалдырып төлеу нұсқасын таңдауға кеңес беріледі, солай олар жинақтарын толық көлемде сақтап қала алады.

Сондай-ақ жаңа Салық кодексі тек зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелерін өзгертумен ғана шектелмей, кейбір автокөлік иелері үшін көлік салығына жеңілдік береді.

Бұдан бөлек кодексте қосылған құн салығын (ҚҚС) 16%-ға дейін арттыру да қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды

Сондай-ақ, жаңа Cалық кодексінде бірқатар салаға жеңілдіктер қарастырылғанын жазған болатынбыз.

Еске салайық, сарапшылар жаңа Салық кодексі бюджеттік дағдарыстың алдын алатынын айтқан еді. 

Өзгелердің жаңалығы