Қазақстанда 2026 жылдан бастап жеңіл автокөліктерге салық салу ережелері өзгереді. Жаңа Салық кодексі ескі көліктерге төмендетуші коэффициенттерді және қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге арналған жаңартылған салық мөлшерлемелер шкаласын енгізеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
565-баптың 8-тармағына сәйкес, жеңіл автокөліктер бойынша салық есептегенде көлік құралдарының жасына байланысты төмендетуші коэффициенттер қолданылады:
– 0,7 – пайдаланылу мерзімі 11 жылдан 20 жылға дейінгі көліктер үшін,
– 0,5 – 20 жылдан асқан көліктер үшін.
Осы көлік иелеріне 30% және 50% жеңілдік беріледі.
Сонымен қатар қуаты жоғары көліктерге салынатын салық тәртібі өзгереді. 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін елде бастапқы тіркеуге қойылған қозғалтқыш көлемі 3000 см³-тан асатын көліктерге арналған жоғарылатылған салық мөлшерлемелері алынып тасталады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
– 3-4 литрлік қозғалтқышы бар көліктер үшін салық мөлшерлемесі 15 АЕК болады (2025 жылы бұл шамамен 58 980 теңге, 2026 жылы сәл көбеюі мүмкін), сонымен қатар әр артық бірлік үшін 7 теңге қосылады;
– 4 литрден жоғары қозғалтқышы бар көліктерге – 117 АЕК (2025 жылы 460 044 теңге) мөлшерінде салық белгіленеді, ол да көлемге қарай артады.
Бұл сома көлік жасына байланысты коэффициент арқылы түзетіледі. Мәселен, 20 жылдан асқан 3 литрлік көлікке салық 15 емес, 7,5 АЕК болады, бұл шамамен 29 490 теңге.
Сондай-ақ премиум-класстағы көліктерге де өзгерістер енгізіледі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 536-баптың 10-тармағына сәйкес, құны 18 000 АЕК-тен асатын (болжам бойынша 74,6 млн теңгеден жоғары) жеңіл автокөліктерге 10% мөлшерінде акциз салығы салынады. Бұл талап көлік елге алғаш әкелінген кезде де, ел ішінде қайта сатылғанда да қолданылады.
536 және 537-баптарда көрсетілгендей, көліктің құны:
– егер ол сырттан әкелінсе – инвойсқа,
– егер ол ел ішінде сатылса – сатып алу-сату шартына сәйкес анықталады.
2026 жылға арналған АЕК мөлшері әлі бекітілген жоқ, бірақ үкіметтің болжамы бойынша 4148 теңгеге дейін артады. Демек, акциз салығы салына бастайтын шекті құн жыл сайын өзгеріп отырады.
Еске салсақ, бұған дейін Қытай көліктері Қазақстанды жаулап жатқанын, ал одан отандық автоөнеркәсіпке қауіп бар/жоғын ашып жазған едік.