Қазақстанда казиноға жаңа аймақтар белгіленді: Кімдерге кіруге рұқсат?

Елімізде казино мен ойын бизнесіне арналған жаңа аймақтар белгіленді.

 freepik.com Бүгiн 2026, 16:17
Бүгiн 2026, 16:17
176
Фото: freepik.com

Қазақстанда казино мен ойын бизнесіне арналған жаңа аймақтар бекітілді. Заңға сәйкес, ойын орындарына тек шетелдіктер кіре алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент «Туризм саласын және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат аясында «Ойын бизнесі туралы» заңға да бірқатар өзгерістер енгізілген.
 
Жаңа ережелерге сәйкес, ойын аймақтары келесі өңірлерде орналастырылады:
 
• Маңғыстау облысы – Каспий теңізінің жағалауы;
• Жетісу облысы – Панфилов ауданы және Алакөл көлінің жағалауы;
• Алматы облысы – Талғар ауданы;
• Шығыс Қазақстан облысы – Марқакөл және Зайсан аудандары.
 
Заңға сәйкес, казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, тарихи-мәдени нысандарда, сондай-ақ қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікке қатысты жерлерде орналастыруға тыйым салынады.
 
Сонымен қатар құжатта ойын орындарына кіру тәртібі де нақты реттелген. Аталған мекемелерге тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкерлер ғана кіре алады.
 
Сенатта атап өткендей, бұл түзетулер туризмді дамытуға, балалар спортын қолдауға және ойын бизнесін халық қауіпсіздігі тұрғысынан бақылауға бағытталған.
 
Айта кетейік, заң жобасын талқылау барысында шетел азаматтарына ғана арналған ойын аймақтарын құру мүмкіндігіне қатысты әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізілген.
 
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, әңгіме тек шетелдік туристерге бағытталған, қазақстандықтарға кіруге шектеу қойылатын казино туралы болған.
 
Ведомствоның хабарлауынша, әлемдік тәжірибеде тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтары кейбір елдерде туризмді дамытуға және курорттық инфрақұрылымды жандандыруға ықпал етеді, әрі ішкі әлеуметтік ортаға тікелей әсер етпейді.
 
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, мұндай бастаманы Маңғыстау облысында сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы, Жетісу облысында 67%-ы, ал Алматы облысында 54,5%-ы қолдаған.
 
Министрлік болжамына сай, тек Алматы облысының өзінде 2028 жылға дейін екі ойын аймағы 6,5 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз етіп, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құрады.
Наверх