Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин газ саласына инвестор тарту үшін көтерме газ бағасын өсіру жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз әлі де газдың көтерме бағасын көтеруді жоспарлап отырмыз. Неге? Өйткені бүгінгі таңда еліміздегі расталған газ қорының жағдайы аса жақсы емес. Қазіргі көтерме бағамен жекеменшік компаниялар газ өндіруге бармайды. Оларға бұл тиімсіз. Соның салдарынан біз қазір газ қоры мен оны игеру деңгейі бойынша алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кірмейміз. Баға – инвесторлар үшін ынталандыратын әрі тартымды фактор. Сондықтан осы салаға инвестор тарту үшін биыл тағы бір рет газдың көтерме бағасын көтеруге мәжбүр боламыз, – деді Серік Жұманғарин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте.
Оның айтуынша, көтерме баға өспесе, Қазақстан импорт көлемінің артуына байланысты газдың қымбаттау қаупімен бетпе-бет келуі мүмкін. Министр газ жеткізетін елдер баға белгілеу кезінде Қазақстанның ішкі әлеуметтік саясатын ескере бермейтінін атап өтті.
Сондықтан халық үшін газ бағасын салыстырмалы түрде қолжетімді деңгейде сақтау үшін ел өз өндірісін арттыруы қажет. Ал ол үшін салаға инвестор тарту керек, бұл көтерме тарифтерді өсіру арқылы жүзеге аспақ.