Қазақстанда ғылымға бөлінген қаржы артып, жүздеген жоба іске асты

Елде жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда.

 ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов Кеше 2026, 18:48
Кеше 2026, 18:48
219
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Қазақстанда соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай өсіп, ғылыми жобалардың нақты нәтижелері экономика мен қоғамда қолданылып жатыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомство мәліметінше, елде 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жалғасып жатыр. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – ғылымды тек теориялық бағытта емес, ұлттық деңгейдегі маңызды міндеттерді шешетін тиімді құралға айналдыру.

Министрлік дерегіне сүйенсек, соңғы бес жылда ғылым саласына салынған инвестициялар көлемі бес есеге дейін артқан. Бұл ғылыми инфрақұрылымды дамытуға, зерттеулердің сапасын арттыруға және жас ғалымдарды қолдауға мүмкіндік беріп отыр.

Елімізде ғылымды дамытуда «университет – зерттеу – инновация – коммерция» қағидатына негізделген жаңа жүйе қалыптасып келеді. Осы модель аясында жоғары оқу орындары мен өндіріс орындарының байланысы нығайып, ғылыми жобаларды коммерцияландыруға басымдық берілуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 300-ге жуық коммерциялық ғылыми жоба іске қосылған, - дейді министрлік.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2022–2024 және 2023–2025 жылдары жүзеге асырылған ғылыми гранттардың нәтижелерін талдады. Мәліметке сәйкес, гранттық қаржыландыру конкурстарына 7 659 өтінім берілген. Оның ішінде 2 121 жоба немесе 27,7 пайызы Ұлттық ғылыми кеңестердің іріктеуінен өткен.

2022–2024 жылдары жүзеге асқан гранттық жобалар аясында 5 879 ғылыми еңбек жарияланып, оның 2 644-і халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрген. Сондай-ақ 267 қорғау құжаты алынып, 406 ғылыми әзірлеме практикаға енгізілген.

Ал 2023–2025 жылдарға арналған жобалар бойынша 3 573 ғылыми жұмыс жарияланып, оның 1 787-сі шетелдік басылымдарда жарық көрген. Сонымен бірге 211 патент пен авторлық куәлік тіркеліп, 347 ғылыми әзірлеме практикада қолданылған.

Министрлік мәліметінше, ғылыми зерттеулерді қолдаудың тағы бір бағыты – бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру. Бұл механизм экономика мен әлеуметтік саланың нақты мәселелерін шешуге бағытталған.

Бұл бағыт бойынша барлығы 538 өтінім қаралып, олардың 174 бағдарламасы немесе 32,3 пайызы мақұлданды,-дейді министрлік өкілдері.

2022–2024 жылдары жүзеге асқан бағдарламалар нәтижесінде 1 300 ғылыми жарияланым, оның ішінде 466 халықаралық журналдарда жарық көрген. Сондай-ақ 79 қорғау құжаты алынып, 67 ғылыми әзірлеме практикаға енгізілген.

Ал 2023–2025 жылдары жүзеге асырылған бағдарламалар аясында 1 873 ғылыми жұмыс жарияланып, оның 777-сі шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көрген. Сонымен бірге 217 патент алынып, 67 ғылыми әзірлеме экономиканың нақты секторына енгізілген.

Министрлік мәліметінше, соңғы жылдары ғылыми зертханалар мен өндіріс орындарының арасындағы байланыс нығайып келеді. Бұл ғылыми нәтижелерді экономикада тиімді қолдануға мүмкіндік беріп отыр.

Наверх