Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Франкофония көктемі-2022» мәдени маусымының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс мәдени маусым туралы түсіндіріп берді.
Қазақстан халқын француз тілінің және франкофон елдер мәдениеттерінің сан түрлілігімен таныстыру мақсатында 2022 жылғы 2-30 сәуір аралығында Бельгия, Канада, Мысыр, Франция, Ливан, Марокко, Румыния және Швейцария елдерінің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктері бірқатар мәдени шара ұйымдастырады, - деді дипломат.
Оның сөзінше, «Франкофония көктемі» еліміздің алты қаласында өтеді. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай және Өскемен.
Әс-шараның бас серіктестері - Қазақстандағы Француз Альянстарының желісі және франкофон ассоциациялар.
Айта кетейік, әлемде француз тілінді сөйлейтіндер саны 321 млн адамды құрып, бесінші орында тұр. Ол әлемнің 29 елінде ресми тіл мәртебесіне ие.
«Франкофония көктемі» – Қазақстанда он екі жыл қатарынан ұйымдастырылатын мәдени шаралар маусымы. Сәуір айының 2-10 жұлдызы аралығында қазақстандықтар жеті елдің франкофон киносын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай және Өскемен қалаларында тегін түрде тамашалай алады. Сонымен қатар Франция және Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы аясында француз пианисі Давид Бисмут Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында 23 және 24 сәуір күндері концерт береді, - деп атап өтті Дидье Канесс.
22 сәуір күні «Жереми Тернуа Трио» француз триосы Алматы қаласында өтетін халықаралық джаз фестиваліне қатысады.
Сонымен қатар Бельгияның Қазақстандағы елшілігі Алматы қаласында 30 наурыздан 9 сәуірге дейін комикстер көрмесін ұйымдастырады. 13-франкофон ән байқауына және Екінші француз тілінен аймақтық олимпиадаларға қатысушылар көптеген сыйлықтарға ие болуға мүмкіндік алады. «Франкофония көктемі» мәдени маусымы аясында ұйымдастырылатын шаралардың толыққанды бағдарламасын ұйымдастырушы елшіліктердің және француз мәдени орталықтарының әлеуметтік желідегі парақшаларында таба аласыз, - деп айтты Францияның елшісі.