"Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия" директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мұғалімі, "Мәміле"қазақ тілі тілдесу клубының жетекшісі Ольга Тим еліміздегі ұлт арасындағы бірлік пен татулықтың маңызы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Соңғы уақытта қазақстандықтар мемлекеттік тілді белсенді түрде үйреніп жатыр. Дегенмен жарнамаға немесе жауапты қызметке келгенде атүсті қарайтын адамдар бар. Қоғамдағы бұл түсініспеушілікті қалай алдын алуға болады?
Қазақ тілі – бүкіл қазақстандықтардың ортақ тілі, яғни ана тіліміз. Ана тіліміз болған соң олардың осы елде өмір сүру, жұмыс істеу, өзара қарым-қатынасқа түсу тілі болуы тиіс. Барлық елде солай деп ойлаймын. Францияда тұрғындардың баршасы француз емес, бірақ олардың барлығы француз тілін міндет санайды. Басқа да елдерде солай. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалып жатыр. Мен өзім Достық үйінің жанындағы "Мәміле" қазақ тілі тілдесу клубының жетекшісімін. Клубымызда 14 этнос өкілі сабаққа қатысады. Ол әрине қуантарлықтай жағдай.
- Ұлт бірлігінде қазақ тілдің рөлі қандай?
Қазіргі Жаңа Қазақстанда "Бір мемлекет – бір тіл" деген ұғым пайда болып жатыр. Біздің мемлекетімізде тұрып жатқан қазақ халқының және бауырлас ұлт өкілдерінің ортақ құндылықтарын қалыптастыру керек. Сондай-ақ қазақ тілін ғана үйренбей, қазақтың салт -дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын білу керек деп ойлаймын. Бір мемлекет, ортақ үй, ортақ ұжым ретінде қалыпты өмір сүріп, дамуы керек.
- Әлеуметтік желілерде елімізде русофобия белгілері бар деп жанжал шығаратын адамдар тобы бар. Жалпы, ұлттарды кемсітетін дүниелерді қалай алдын алуға болады?
Менің ойымша, Қазақстанда ешқандай "Русофобия" жоқ. Мемлекетіміз көп ұлтты. Бәрі бір отбасыдай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мемлекетімізде болып жатқан оқиғаларға бәрі белсенді түрде қатысады. Қандай да бір шаралар өткенде, еліміздің барлық азаматы ұлтына қарамастан тең дәрежеде атсалысып келеді. Абай атамыздың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген сөзі қай елде тұрса да, қазақтарға ортақ деген ойдамын. Еліміздің әр азаматы бейбітшілікті қалайтынына сенімдімін.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Саяжан Құдайберген