Сенатта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ветеринариялық қызметті цифрландыру жұмыстары туралы баяндап, жануарларды тіркеу, қадағалау және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Сенаттағы Үкімет сағатында саланың цифрлық трансформациясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Вице-министрдің айтуынша, сапалы есеп жүргізу мен тиімді ветеринариялық бақылаудың негізгі тірегі – заманауи цифрлық құралдар. ФАО сарапшыларының ұсыныстарын ескере отырып, “АШЖБ” ақпараттық жүйесін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Бердалиннің айтуынша, ветеринария саласында іске асқан бұрынғы цифрлық шешімдер жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік бермеген.
Мысалы:
• Жануардың төлін аналық малдың сәйкестендіру нөмірінсіз тіркеу мүмкін болмаған;
• Бұрын жүйе бір аналық малға бірнеше төлді тіркеуге рұқсат еткен, бұл жалған деректерге жол ашқан;
• Вакцинациядан кейін препарат ағзадан толық шықпай тұрып, малды союға шектеу қойылмаған, бұл процестер қолмен реттелген;
• Мал сатып алу-сату кезінде жалған мәмілелерді болдырмау жүйесі жоқ болған.
Қазіргі жаңғырту нәтижесінде:
• SMS арқылы мәмілені растау,
• жүйеге деректерді автоматты жіберу,
• келу орны бойынша ветеринариялық анықтамаларды сөндіру,
• мал базарларының жаңа функционалы енгізілді.
Жануардың туғанынан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі толық цифрлық қадағалау енгізілді.
Цифрлық бақылау тізбегі енді жануардың туған сәтінен бастап, өнімнің соңғы тұтынушыға жеткеніне дейін толық қамтиды. Сонымен қатар экспортқа шығатын мал үшін карантиннің жаңа цифрлық бақылау жүйесі енгізілді. Пилоттық режимде ет өнімдерін фермадан мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға дейін қадағалау тетігі іске қосылып отыр. Әр партияда үлгіленген QR-коды бар электрондық анықтама болады, – деді АШМ өкілі Сенатта.
Ветеринарлар мен фермерлер үшін екі мобильді қосымша жұмыс істей бастады:
• “ISZH-Mobile” – ветеринар мамандарға арналған;
• “TortTulik” – ауыл шаруашылығы жануарларының иелері үшін.
Екі қосымшаны да Play Market және App Store арқылы жүктеуге болады.
Бизнес-процестерді автоматтандыру үшін “АШЖБ” жүйесін Кеден қызметі, Халық банкі, ЕАЭО ақпараттық жүйелері және басқа да мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.