Қазақстанда ең төменгі жалақы қашан өсуі мүмкін екені айтылды

14 Қазан 2026, 14:08
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 14 Қазан 2026, 14:08
14 Қазан 2026, 14:08
168
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2027 жылы көтерілуі мүмкін. Бұл мәселе Үкімет пен Президент Әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтайда өткен брифингте министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бюджет жобасында ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге деңгейінде белгіленген. Дегенмен Үкімет жалақыны көтерудің бірнеше нұсқасын қарастырған. Әзірге олардың ешқайсысы бюджет жобасына енгізілмеген.

Жақын арада талқылау нәтижелері жарияланады деп ойлаймын. Алайда нақты мерзімін айта алмаймын, – деді Серік Жұманғарин.

Журналистер ең төменгі жалақы мөлшерін өзгерту мәселесі бюджет жобасын бірінші оқылымда қарауға дейін талқылануы керек болғанын еске салды. Алайда құжатта бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалған.

Жұманғариннің айтуынша, бюджет үш оқылымда қаралады, сондықтан мәселені талқылауға әлі де уақыт бар.

Бұл – жақын арада шешілуі мүмкін мәселе. Егер ең төменгі жалақыны көтеру туралы шешім қабылданса, жаңа мөлшер келесі жылдан бастап қолданылады, – деді ол.

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2024 жылдан бері 85 мың теңге деңгейінде сақталып келеді. Оған дейін бұл көрсеткіш 70 мың теңге болған. Ал 2025 жылы депутаттар ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынған еді.

Айта кетейік, 2027 жылға арналған бюджет жобасында да ең төменгі жалақы мөлшері әзірге 85 мың теңге болып көрсетілген. Ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 693 теңге деңгейінде белгіленген. Салыстыру үшін, 2026 жылы АЕК мөлшері 4 325 теңге.

Наверх