Қазақстан экспорты алдағы жылы 5–6 пайызға артуы мүмкін. Алайда экономист Сапарбай Жобаев геосаяси факторлар мен көрші елдермен қатынастар экспорттық серпінді баяулатуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік мәліметінше, экспорт өсімі келесі салалар есебінен қамтамасыз етіледі:
- мұнай-газ саласы (әсіресе Теңіз кен орнының арқасында),
- өңдеуші өнеркәсіп (химия, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау),
- агроөнеркәсіп кешені,
- логистика және цифрлық сауда.
Үкімет “Нұрлы жол” бағдарламасы арқылы инфрақұрылымды жаңартуға және шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға басымдық беріп отыр.
Жаңа нарықтарға жол ашылады
Министрліктің редакциямызға берген жауабында 2025 жылы Қытаймен теміржол және мультимодальды транзитті кеңейту, бондтық аймақтар мүмкіндігін пайдалану және отандық тауарларды электронды сауда жүйелеріне енгізу бойынша келісімдер жасалғаны айтылған.
"Орталық Азия – Қытай" саммиті аясында Қазақстан 24 мемлекетаралық келісімге қол қойған. Италия, Ұлыбритания, Германия, Оман, Қырғызстан және Әзербайжанмен индустриялық серіктестік пен экспорттық хабтар құру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - делінген жауапта.
Экономист не дейді?
Экономист Сапарбай Жобаев экспорттың арту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ бірқатар қауіп-қатерге назар аударады:
Мұнай бағасы соңғы екі жылда 80–90 доллар деңгейінде болды. Қазір 60 долларға дейін түсіп, қайта көтерілу үстінде. Үкімет баррель бағасын 75 долларға белгілеп отыр. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы ахуалға да байланысты. Соған қарамастан, сәуір–мамырда экспорт көлемі төмендеді, — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, экспорттың тежелуіне санкциялық шектеулер, Ресей мен Қытай нарықтарындағы қиындықтар әсер етіп отыр. Ресейден келетін импорт артып, қазақстандық өнімдерге сұраныс төмендеген.
Сондай-ақ экономист екі мәселені атады:
Қытай газ бен мұнай импортына тәуелділікті азайту жолында, бұл Қазақстан шикізатының үлесін азайтады;
Қазақстан дайын өнім экспортын дамытуы қажет, бірақ бұл бағытта нақты бастамалар байқалмай отыр.
АҚШ пен Еуропа факторлары
Экономист Жобаев АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің тарифтік саясаты да жанама түрде әсер ететінін алға тартады.
Трамп әкімшілігі кей елдерге 27% тариф белгіледі. Егер Қытай мен АҚШ саудада келісе алмаса, Қытай бізден алатын шикізатты да қысқартады. Еуропа тарапынан да тарифтік шектеу бола қалса, мұнай экспортына кері әсер етеді, — дейді ол.
Қазақстан 2025 жылы экспорт көлемін арттыруды көздеп отыр. Министрлік нақты салалар мен серіктес елдерді атап көрсетті. Бірақ сарапшылар геосаяси шиеленіс пен логистикалық кедергілерді ескеруге шақырады. Шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім экспортын жолға қою — уақыт талабы.