Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева “Жасанды интеллект туралы” заң жобасында дипфейктер үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол заңда дипфейктерді жасау мен қолдану қалай реттелетіні туралы сұраққа жауап берді.
Қазір нақты жауап бермеймін, өйткені әлемдік тәжірибе де бар. Бұл мәселеге шамамен 1 айдан кейін қайта ораламыз. Себебі белгілі бір ұстаным қалыптасады. Дипфейктер үшін қандай да бір жаза тағайындау, сондай-ақ Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің кез келген басқа баптарын қолдану нақты әрі түсінікті негізделуі керек. Бұл – әділеттіліктің мәселесі. Қазір қандай да бір қатаң мерзімдер мен сандарды атау дұрыс емес, өйткені ертең бұл шындық ретінде қабылдануы мүмкін, – деді депутат.
Сондай-ақ Екатерина Смышляева дипфейктерге қатысты Әкімшілік және Қылмыстық кодекстердің кейбір баптарын қазірдің өзінде қолдануға болатынын айтты.
Бірақ олар жанама құрамға қатысты. Яғни, дипфейктің өзіне емес, оның мазмұнына жауапкершілік қарастырылады. Егер ол адамның ар-намысына тиген, қоғам пікірін манипуляциялаған немесе алаяқтық әрекеттерге себеп болып, материалдық шығынға әкелген болса, жауапкершілік жүктеледі. Бұл жағдайда ақпараттық технологияларды пайдалану ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады. Бізде мұндай баптар заңда бар, – деп түсіндірді ол.