Қазақстанда девальвация бола ма?

11 Сәуір 2025, 15:05
1338
Бөлісу:
Қазақстанда девальвация бола ма?
Фото: Ұлттық банк

Бүгін өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұлттық валюта бағамы туралы болжам берілмейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банк валюта бағамына қатысты нақты болжамдар жасамайды. Бұл туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқанбыз. Біз қаржы нарығы мен ақша-кредит саясатының реттеушісі ретінде нақты сандар айта алмаймыз, - деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, қоғамда қалыптасқан дәстүрлі түсініктегі девальвация - яғни ұлттық валюта бағамының бір күнде күрт өзгеруі - қазіргі инфляциялық таргеттеу және еркін өзгермелі айырбас бағамы режимінде мүмкін емес.

Біз қазірдің өзінде валюта бағамының қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Ол бірден секіріп кетпейді, ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен біртіндеп өзгеріп отырады. Бұл ретте негізгі фактор - мұнай бағасы. Егер мұнай бағасы ұзақ мерзім бойы төмен деңгейде қалса, бұл экспорттық әлеуетке, төлем балансына және ішкі нарықтағы доллар ұсынысына әсер етеді, тиісінше, теңге бағамына да ықпал етеді, - деді ол.

Сондай-ақ Сүлейменов қазіргі уақытта әлемде қаржы және тауар нарықтарында не болатынын нақты болжай алатын экономист жоқ екенін айтты. Өйткені жаһандық белгісіздік тым жоғары.

Біз Президент тапсырмасымен Үкіметпен бірге балама болжамдар әзірлеп жатырмыз. Қазір Экономика министрлігі мен біздің сарапшыларымыз модельдермен жұмыс істеп, түрлі сценарийлерді есептеп отыр, - деді ол.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазіргі жағдай тұрақты. Нарықта дүрлігуге немесе жаппай девальвация болады деген алаңдаушылыққа негіз жоқ.

Экономикалық өсім де, мемлекеттік қаржы көрсеткіштері де болжам аясында. Сондықтан біз қазіргі жағдайды тұрақты деп бағалаймыз. Ал болашақта не болатыны - әлемдік нарықтағы өзгерістерге байланысты, - деді Сүлейменов.

Еске сала кетейік, осыған дейін Ұлттық банк теңге бағамына байланысты дүрлігуге негіз жоқ екенін айтты. Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырғаны туралы да жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы