Қазақстанда дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі қысқартылуы мүмкін

Жаңа өзгерістер дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды Қазақстан нарығына шығару мерзімін қысқартуды көздейді.

 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат Бүгiн 2026, 10:49
Бүгiн 2026, 10:49
130
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Түзетулер «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп әзірленген.

Ведомствоның мәліметінше, бастама медициналық өнімдерді Қазақстан нарығына шығару мерзімін қысқартып, басқа елдерде қолданылып жүрген әрі халықаралық тексеруден өткен заманауи препараттар мен технологияларға пациенттердің қолжетімділігін жеделдетуге бағытталған.

Жобаға сәйкес, Қазақстан бақылау жүйесі қатаң шетелдік реттеуші органдардың шешімдерін тану тетіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Тізімге АҚШ, Ұлыбритания, Еуропалық одақ елдері, Швейцария, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Сингапур, Канада, Жапония және Аустралия енгізілген.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен дәрілік заттарды тіркеу рәсімін енгізу ұсынылып отыр. Бұл ДДСҰ-ның дәрілік заттарды преквалификациялау бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

Тағы бір жаңашылдық ретінде халықаралық деңгейде мойындалған сапа және қауіпсіздік сертификаттары бар медициналық бұйымдарға жеделдетілген сараптама жүргізу қарастырылған. Оның ішінде CE таңбасы мен Медициналық бұйымдарды реттеушілердің халықаралық форумы елдерінің құжаттары да ескеріледі.

Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, кейбір медициналық бұйымдарға жүргізілетін сараптама мерзімін 15 жұмыс күніне дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі рәсімдерді жеделдету өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың жеңілдейтінін білдірмейтінін атап өтті. Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым Қазақстан заңнамасына сәйкес міндетті тексеруден өтеді.

Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған редакциялық және нақтылаушы өзгерістер де қамтылған.

Жоба бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылдың 27 мамырына дейін жалғасады.

Наверх