Қазақстанда бүйрек ауруларын ерте анықтау мен емдеудің жаңа тәртібі енгізілді

 ©BAQ.KZ архиві 13 Қазан 2026, 19:45
13 Қазан 2026, 19:45
182
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда бүйрек ауруларын ерте анықтауға, уақтылы емдеуге, сондай-ақ диализ бен трансплантаттаудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған нефрологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды.

Ақтауда өткен Орталық Азия нефрологтарының конгресіне Қазақстан, АҚШ, Италия, Польша, Түркия, Әзербайжан және Беларусь елдерінен 310 маман қатысты.

Сарапшылар бүйрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін, диализ қызметін және бүйрек трансплантаттауын дамыту мәселелерін талқылады.

Біздің міндетіміз – бүйрек ауруларын ерте кезеңдерде анықтап, емнің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта медициналық көмек көрсету стандарттарын жетілдіріп, мамандандырылған орталықтарды дамытып, медицина кадрларын даярлап жатырмыз. Бүгінде резидентурада 50-ден астам болашақ нефролог білім алуда. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында тағы 12 маман даярлау жоспарланған, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының басшысы Майра Абдразақ.

Жаңартылған нефрологиялық көмек көрсету стандарты пациенттің емханадағы диагностикадан бастап, мамандандырылған ем алуға, диализге және медициналық көрсетілімдер бойынша бүйрек трансплантаттауына дейінгі бірыңғай бағытын қарастырады.

Елімізде Республикалық нефрология орталығы және Трансплантаттау мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық жұмыс істейді. 14 мыңнан астам пациент диализдік ем қабылдап жүр.

Цифрландыру дәрігерлердің қосымша мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қалыптастырылып жатқан E-Densaulyq жүйесі мамандарға пациенттің қай өңірде немесе қай медициналық ұйымда ем алғанына қарамастан, оның медициналық тарихына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Конгрестің қорытындысы бойынша ерте диагностикалауға, мамандар даярлауға және емнің қолжетімділігін арттыруға басымдық бере отырып, нефрологиялық қызметті дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басымдығы – бүйрек ауруларын уақтылы анықтау, олардың үдеуін баяулату және пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.

Наверх