Қазақстанда бокшыларды даярлауда қандай өзгеріс енгізіледі?

13 Қараша 2024, 15:22
269
Бөлісу:
Қазақстанда бокшыларды даярлауда қандай өзгеріс енгізіледі?
Фото: pixabay.com

Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы екі олимпиадада, өкінішке қарай, бокстан алтын медаль жоқ. Бүгінде біз неге алтын медальсіз қалғанымызға толық талдау жасадық. Ол үшін арнайы топ құрылды. Әр өңірге мониторинг жасап жатырмыз. Қазіргі таңда Лос-Анжелеске баратын спортшыларды, атап айтқанда өңірлерде олимпиаданың 15 спорт түрі бойынша қанша спортшы қыз-жігіттеріміз бар екенін саралаған кезде, 20 өңірдің 8-інде ғана даму бар екені байқалды. Қалған 12 өңірде бірде-бір жас ерекшелігі бойынша Қазақстан чемпионатында жүлдегер жоқ, - деді министр.

Мырзабосынов боксты еліміздегі спорттың алдыңғы қатарында деп айту қиын екенін атап өтті.

Егер бокстан нәтиже көрсеткіміз келсе, басқарма басшыларынан бастап өңірлердегі балалар жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв басшылары, жоғары спорт мектеп басшыларын бәрін арнайы критерийлермен тағайындауымыз керек. Бүгінде өңірлерде басшыларды тексергенде критерийлерге сай емес адамдар тағайындалғаны анықталды. Сондықтан бірізділік болуы керек, - деп түсіндірді ол.

Министр олимпиаданың басым спорт түрлерін де анықтап жатқанын қоса кетті.

Әр өңірдің географиялық орналасуына, тарихына, инфрақұрылымына байланысты біз әр өңірге спорт түрлерін бекітеміз. Сонымен қатар басшыларын, жоғары спорт мектептері, балалар спорт мектептеріне де кәсіби адамдарды ұсынамыз, - деп айтты Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда спорт түрлері қалай іріктелетіні туралы айтқан болатын. Сондай-ақ министр Қазақстанда Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі ұйымдастырылуы мүмкін екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы