Қазақстанда биыл 13 мың шақырым жол жөнделді. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, биыл құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 13 мың шақырым жол қамтылды. Республикалық жолдардың 93 пайызы техникалық нормативті жағдайда, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол ішкі шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да алға тартты.
2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пункттерін аяқтау жоспарлануда. Автожолдар тиімділігінің негізгі факторы цифрлық шешімдер болып саналады, - деді Нұрлан Сауранбаев.
Министр бүгінгі күні көлік саласы экономиканың өсу драйверлерінің біріне айналғанын алға тартты.
Биыл 10 айда негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Көлік қызметтерінің көлемі 20,7 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4 пайызға артты. Ал транзиттік жүк көлемі 29,4 млн тоннаға жетті, өсу деңгейі 5 пайызды құрайды, - деді Нұрлан Сауранбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда көліктер өткізу пункттерінен шамамен 10 минутта өтетін болатыны белгілі болды.