Заңсыз қоқыс үйінділері ең көп тіркелген өңірлер қатарында Абай облысы көш бастап тұр. Мұнда 137 қоқыс полигоны анықталған. Одан кейін Қостанай облысы – 113, Ұлытау облысы – 100 полигонмен тіркелген. Мониторинг жыл сайын сәуірден қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғарыштық мониторинг жұмыстары жалғасуда.
Министрлік соңғы жылдары заңсыз қоқыс полигондарын анықтау және жою көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын атап өтті.
Мәселен, 2020 жылы республика бойынша 8 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, олардың 66 пайызы жойылған. Ал 2025 жылы анықталған полигондар саны 3 828-ге дейін азайып, жою деңгейі 97 пайызға жеткен,- деді ол.
Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы 7 328 полигон анықталып, оның 6 741-і немесе 89 пайызы жойылған. 2022 жылы 5 683 полигон тіркеліп, 4 331-і (77%) жойылды. 2023 жылы 5 533 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 4 733-і (86%) жойылса, 2024 жылы 4 886 полигонның 4 428-і немесе 93 пайызы жойылған.
Бақылау тиімділігін арттыру мақсатында ғарыштық мониторингтің қамту аумағы да кеңейтілуде. Егер 2018 жылы мониторинг 16 қаланы қамтыса, бүгінде бақылау аймағы 46 елді мекенге дейін ұлғайған.
Алайда кейбір өңірлерде қоқыс полигондарын жою жұмыстары әлі де жеткіліксіз жүргізіліп жатқанын мониторинг нәтижелері көрсеткен.
Осыған байланысты 2026 жылы жергілікті атқарушы органдардың 15 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы көлемі 3,7 миллион теңге айыппұл салынды,- деді ол.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы 194 лауазымды тұлғаға 17,8 миллион теңге, 2023 жылы 152 лауазымды тұлғаға 17,3 миллион теңге, 2024 жылы 164 лауазымды тұлғаға 9,3 миллион теңге және 2025 жылы 165 лауазымды тұлғаға 12,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Жүргізілген рейдтер нәтижесінде қосымша 488 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, оның 94-і жойылды,- деп мәлімдеді Қожықов.
Министрлік мәліметінше, анықталған полигондардың координаттары тұрақты түрде жергілікті атқарушы органдарға жолданып отырады. Сонымен қатар қоқыс үйінділерін жою туралы ақпаратты жүйеге енгізу құзыреті де әкімдіктерге берілген.