Бүгін, 21 шілдеде еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында тіркелген 19 орман өрті толық сөндірілді.
Мәліметке сәйкес, өрттердің төртеуі Шығыс Қазақстан облысында, біреуі «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, біреуі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында, ал 13-і «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында тіркелген.
Өрт ошақтары ерте анықтау жүйесі мен «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе патрульдеуі кезінде анықталған. Ақпарат орман қызметкерлеріне жедел жеткізіліп, мемлекеттік орман күзеті мен әуе өрт сөндіру десанты өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарына дереу кіріскен.
Мамандардың айтуынша, өрттердің басым бөлігі найзағайдың түсуінен болған. Жедел әрекеттің арқасында тілсіз жаудың кең аумаққа таралуына жол берілмей, барлық ошақ қысқа уақыт ішінде толық сөндірілді.
Қазіргі уақытта өрт қауіпті кезеңге байланысты мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» күштері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әуе патрульдеуі мен орман алқаптарын бақылау үздіксіз жүргізілуде.
Мамандар азаматтарды аптап ыстық кезінде табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырып, бір ғана ұшқынның ірі орман өртіне себеп болуы мүмкін екенін ескертті.