Қазақстанда бір тәулікте 13 орман өрті тіркелді

Қазіргі уақытта бірқатар өңірде өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

 Экология және табиғи ресурстар министрлігі 3 Тамыз 2026, 21:17
3 Тамыз 2026, 21:17
231
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бүгін, 3 тамызда еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 13 орман өрті анықталды.

Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 2, Қарағанды облысында – 1, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығында – 1, «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығында – 1, «Баянауыл» және «Қарқаралы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде – тиісінше 1 және 2, «Ертіс орманы» мен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарында – 2-ден, сондай-ақ «Жасыл аймақ» РМК аумағында 1 өрт тіркелді.

Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйесі арқылы дер кезінде анықталған. Хабарлама түскен бойда орман шаруашылығы мекемелерінің күштері мен техникалары оқиға орындарына жедел жіберілді.

Өртті сөндіруге су төгу құрылғысымен жабдықталған Ми-8 тікұшағы, әуе өрт сөндіру қызметі және мемлекеттік орман күзетінің бөлімшелері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта бірқатар өңірде өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Аптап ыстық пен найзағайлы ауа райына байланысты елімізде орман өрті қаупі әлі де жоғары деңгейде сақталуда. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорны күшейтілген режимде жұмыс істеп, әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстарын үздіксіз жүргізуде.

Наверх