Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында тәулік ішінде бес орман өрті тіркелді. Мамандардың жедел әрекетінің арқасында барлық өрт ошақтары дер кезінде оқшауланып, қысқа мерзімде толық сөндірілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті.
Бүгінгі, 28 маусымдағы мәлімет бойынша, Ақмола және Алматы облыстарының әрқайсында бір-бірден, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында екі, ал «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында бір орман өрті тіркелген.
Өрт ошақтары ерте анықтау жүйесінің көмегімен уақытылы анықталған. Орман күзеті қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМК мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде тілсіз жаудың таралуына жол берілмей, барлық өрт толықтай сөндірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттердің басым бөлігі найзағай разрядтарының салдарынан шыққан.
Өрт қауіпті кезеңге байланысты мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, табиғат аясында отты абайлап пайдалануға және орман байлығына ұқыпты қарауға шақырды.