Қазақстанда бензин қымбаттады

2 Қаңтар 2020, 13:33
12375
Бөлісу:
Қазақстанда бензин қымбаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бензин акцизі екі еседен артық көтерілді - тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін жетті.

Бұл өз кезегінде бензин бағасына әсер етеді. Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі. Қазақстан үкіметі бензин бағасының өсуі инфляцияға қатты әсер етпейді деп сендіріп отыр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, мұнай өнімдері акцизін өсіру әлеуметтік салаға бөлінетін бюджеттік қаржының орнын толтыру қажеттілігінен туындаған. 

Республикалық бюджет жобасында әлеуметтік салаға алты триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. 2019 жылы бұл мақсатқа 5,3 триллион теңге бөлінген еді, - деп атап өтті Смайылов. 

Бұдан бөлек, микро және шағын бизнестің үш жылға салықтан босатылуы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін азайтады. Тағы бір фактор - көрші елдердегі, атап айтсақ, Ресейдегі бензин бағасының бізден қымбаттығы, дейді үкіметтегілер. 

Мәселен, бізде АИ-91 бағасы 163 теңге болса, Ресейде литрі 260 теңге екен. Бензин акцизін көтеру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша 50 миллиард теңге түседі деп көзделген.

Өзгелердің жаңалығы