Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы-ресми өкілі Мадияр Уақбаев балалы аналарға қандай жәрдемақы төленетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес бала туған, асырап алған немесе нәрестеге қорғаншылық рәсімдеген кезде төрт түрлі төлем беріледі.
Олар: екі мемлекеттік жәрдемақы және екі әлеуметтік төлем.
Бірінші кезекте бала туғанда біржолғы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК (149 416 теңге), төртінші және одан көп балаға 63 АЕК (247 716 теңге).
Жұмыс істемейтін аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайын жәрдемақы беріледі. Жәрдемақы балалар санына байланысты сараланады және оның мөлшері 5,76 АЕК-тен (22 648,32 теңге) 8,9 АЕК-ке (34 994,8 теңге) дейін болады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жұмыс берушілер аударым жасаған жұмыс істейтін әйелдер жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда төлем талап ете алады. Оның мөлшері соған құқығы бар әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты болады, - дейді Мадияр Уақбаев.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлем де беріледі.