Қазақстанда балалар жаппай ойнап жүрген ойынды бұғаттау ұсынылды

Бөлісу:
 ЖИ
VIDEO
Фото: ЖИ

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке Roblox онлайн-платформасының балалар мен жасөспірімдерге ықтимал кері әсеріне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сауалда қазіргі таңда интернет пен онлайн ойын платформалары балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны аталып өтеді. Солардың ішінде Roblox платформасы ерекше танымал. Бүгінде «Roblox» атауын білмейтін бала жоқ деуге болады. Бұл – пайдаланушыларға өз ойындарын құруға, виртуалды әлемдерде қарым-қатынас жасауға және басқа ойыншылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық онлайн-платформа.

Ашық дереккөздерге сәйкес, 2025 жылы Roblox платформасының күнделікті белсенді қолданушыларының саны шамамен 150 миллионға жуықтаған. Платформа пайдаланушыларының басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды.

Депутаттың айтуынша, ата-аналар, педагогтер мен халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігі туралы алаңдаушылық жиі көтеріліп келеді.

Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентке тап болу жағдайлары кездеседі. Бұл факторлар балалардың психологиялық дамуына ұзақ мерзімді теріс салдар әкелуі мүмкін екені айтылды, - деді депутат.

Сонымен қатар сауалда Roblox секілді ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар екені аталып өтті. 

Депутаттың мәлімдеуінше, мұндай тұлғалар алдымен ойын ішіндегі виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен мессенджерлерге, соның ішінде Telegram платформасына көшуді ұсынып, құпия кездесуге шақырады. Бұл әрекеттердің соңы қайғылы оқиғаларға ұласуы мүмкін.

Алаяқтық схемалар да осыған ұқсас. Алаяқтар балалардың сеніміне кіріп, сыйлық береміз деп уәде етіп, ата-анасының банк картасының нөмірін және СМС-кодты сұрайды. Балалар сеніп, ақпаратты берген жағдайда, картадан ақша шешіліп алынатыны айтылды.

Депутаттың атап өтуінше, Roblox компаниясы балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру туралы жиі мәлімдегенімен, секундына 50 мыңнан астам хабарламалар ағылып түсетін ортада толық бақылау орнату мүмкін емес.

Сауалда 2025 жылғы 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің «Roblox платформасын бұғаттау немесе шектеу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ» деген жауабы да еске салынды.

Алайда депутат «Баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың баланы оның денсаулығына, имандылық және рухани дамуына зиян келтіретін әлеуметтік ортаның, ақпараттың, насихат пен үгіттің теріс ықпалынан қорғауға міндетті екенін атап өтті. Аталған норма заңның 36-бабының 1-тармағында бекітілген.

Сондай-ақ Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты бірқатар мемлекеттер қатаң шаралар қабылдағаны айтылды. Атап айтқанда, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және өзге де елдерде бұл платформа бұғатталған.

Депутат осы орайда Хәкім Абайдың «Бала тәрбиесі — басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деген сөзін келтіріп, Қазақстанда тек қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана әрекет ету дұрыс па деген сауал көтерді. Оның айтуынша, елімізде Roblox платформасына қатысты әлі күнге дейін шектеу енгізу немесе терең сараптамалық бағалау жүргізілмеуі түсініксіз.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен бірқатар сұрақтарға ресми жауап беруді сұрады. Атап айтқанда:

1. Қазақстанда Roblox платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты арнайы зерттеулер жүргізілген бе?
2. Өзге елдердегі Roblox платформасын бұғаттау тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанда бұл платформаның қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?
3. Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта қандай нақты алдын алу шаралары қабылданып отыр?
4. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурада онлайн ойын платформалары арқылы жасалған алаяқтық, бопсалау және өзге де құқық бұзушылық фактілері тіркелген бе?

Өзгелердің жаңалығы