Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін дамыту мәселесі талқыланды

Бүгiн, 06:35
286
Бөлісу:
 Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырысқа Ұлттық комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ұлттық экономика және Мәдениет министрліктерінің өкілдері, Ұлттық комиссия мүшелері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктері онлайн режимде қатысты.

Отырыстың негізгі тақырыбы:

  • Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту;
  • Цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту;
  • Жасанды интеллектті енгізу мәселелері.

Аида Балаева өз сөзінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттырудың отбасы әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылық үшін маңызды екенін атап өтті.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндамасында Қазақстандағы әйелдердің іскерлік белсенділігінің тұрақты жоғары деңгейде екенін жеткізді. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48%-ын әйелдер басқарады, ал 2025 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша елде 1 миллионнан астам әйел-кәсіпкер тіркелген.

Отырыс барысында цифрландыру мәселелеріне, әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдердің қаржылық құралдарға қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Аида Балаева цифрлық дағдыларды дамытуда еңбек нарығының қажеттіліктеріне және перспективалы бағыттарға басымдық беру, салалық тәсіл қолданудың маңыздылығы туралы атап өтті.

Ұлттық комиссия мүшелері әйелдердің экономикалық дербестігін нығайту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру және әйелдерді жаңа секторларға тартуға бағытталған іс-шаралар туралы ақпарат берді.

Қорытынды және ұсыныстар:

  • Цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеу ұсынылды;
  • Электрондық коммерция және салық салу салаларында білім беру, онлайн бағдарламаларды дамыту;
  • Әйелдердің цифрлық құзыреттерін арттыруға арналған жобаларды мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, жоғары оқу орындары және инновациялық алаңдардың қатысуымен кеңейту жұмыстары жалғасады;

Өңірлік комиссияларға әйелдер кәсіпкерлігінің жағдайын талдау, ауылдық бастамаларды қолдау және әйелдер жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.

Отырыстың нәтижесі бойынша, цифрлық экономика жағдайында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті қойылды.

Өзгелердің жаңалығы