Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары болып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі әйелдер жұмыссыздығы 5%-ды құраса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 4,2% болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Finprom.kz мәлітметінше, гендерлік теңсіздік тек жалақы айырмашылығымен шектелмейді. Әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктеріне отбасылық міндеттердің басымдығы, жоғары табысты салаларға қолжетімділіктің шектеулі болуы және әлеуметтік стереотиптер де әсер етеді.
Өңірлер арасында айырмашылық айқын байқалады. Әйелдер жұмыссыздығы әсіресе Маңғыстау облысында жоғары деңгейде тіркелген. Мұнда әйелдер арасындағы жұмыссыздық 8%-ға жетсе, ерлер арасында 2,5% болған. Ал Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бұл көрсеткіш 11,7%-ға дейін көтерілген.
Статистикаға сәйкес, жұмыссыздық мәселесі көбіне орта және егде жастағы әйелдерге тән. Ең жоғары көрсеткіш 55-64 жас аралығындағы әйелдер арасында байқалған – 8,6%. Сарапшылар мұны жұмыс берушілердің жасқа қатысты көзқарасымен және қайта даярлану мүмкіндіктерінің шектеулілігімен байланыстырады.
Білім деңгейі де маңызды рөл атқарады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар әйелдер арасындағы жұмыссыздық 3,5% болса, тек орта білім алған әйелдер арасында бұл көрсеткіш 11-15% аралығында.
2026 жылдың екінші тоқсанында елде 242,7 мың жұмыссыз әйел тіркелген. Олардың үштен бірі бұрынғы жұмыс орнынан босатылғаннан кейін жұмыссыз қалған. Сонымен қатар 33,3 мың әйел отбасылық жағдайға байланысты жұмыстан кеткенін, ал 30,8 мыңы үй шаруасымен айналысуды таңдағанын айтқан.
Мамандардың пікірінше, әйелдер үшін ең осал топ – 55-64 жас аралығындағы және жоғары білімі жоқ азаматтар. Бұл санаттағы әйелдер еңбек нарығында жұмыс табуда екі есе қиындыққа тап болады.
Тағы оқи отырыңыз: Жұмыссыз жүргендер жұмысқа қалай орналаса алады?