Қазақстанда Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады

6 Қараша 2024, 12:52
712
Бөлісу:
Қазақстанда Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады
Фото: BAQ.KZ архив

Елімізде республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Отанды сүю, Отанға қызмет етуді бала кезден үйрету керек. Алайда бүгінде елімізде балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі, яғни Отанға адал қызмет ету, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындау заман талаптарына сай келмейді, - деді депутат.

Құспанның айтуынша, жауапты уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы формальды сипатқа тән. Атқарылып отырған жұмыстары азаматтардың бойында патриоттық сананы берік қалыптастырмайды.

2022 жылы Үкіметке азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тәртібін айқындау құқығы берілген болатын. Сол жылы-ақ тиісті ережелер қабылданды, бірақ бұл іс-әрекет қалыптасқан жағдайды өзгертпеді. Осыларды ескере отырып, біз, Парламенттің бір топ депутаттары еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірледік, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Заң жобасы «Әскери қызмет туралы» заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтын жаңа баппен толықтырады.
Сонымен қатар осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді.

Кеңестердің негізгі міндеттері мынадай:

- әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыру барысында азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру;
- жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шыншыл ақпарат беру.

Әскери-патриоттық тәрбие мәселелерінде үйлестірілген және келісілген жұмысты іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» заңында көзделген орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларына тиісті толықтырулар енгізу ұсынылады. Сондай-ақ «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңына мәдениет саласындағы уәкілетті органның жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жүзеге асыру бөлігінде толықтыру енгізіледі. Заң жобасын қарау барысында депутаттар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар түзетуді ұсынды. Осыған байланысты заң жобасы мазмұндық және тұжырымдамалық жағынан біршама жақсарды, - деп айтты Айгүл Құспан.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров агросарапшы Алмасбек Садырбаевтың ұсталғанына қатысты ойын айтқаны туралы жазғанбыз. Сондай ақ Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жекеменшік балабақшаларды лицензиялау керегін де айтты.

Өзгелердің жаңалығы