Қазақстанда ақылы жолдар көбейеді

9 Шілде 2024, 10:36
980
Бөлісу:
Қазақстанда ақылы жолдар көбейеді
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында елімізде ақылы жолдар көбейетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау жайлы айтты.

Қарабаевтың айтуынша, республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет.

Сондықтан бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасады. Бүгінде ақылы жолдың жалпы ұзындығы 3 200 шақырым. Былтырдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды, - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең-кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр. 

Олар мыналар: Қызылорда-Арал; Ақтөбе-Орынбор; Қостанай-Тройцк; Қостанай-Денисовка; Ақтау-Бейнеу; Қандыағаш-Мақат; Балқаш-Бурылбайтал; Бурылбайтал-Шу; Үшарал-Достық; Қарағанды қаласын айналма жолы; Тараз қаласын айналма жолы.

Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі басқа елдермен (Ресей, Беларусь, Түркия, Қытай, Польша және т.б.) салыстырғанда айтарлықтай төмен. Осыған байланысты, күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды толық өтеу үшін қолданыстағы тарифті 20 пайызға өсіру мәселесі пысықталып отыр.

Марат Қарабаевтың айтуынша, жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге бағытталады.

Өзгелердің жаңалығы