Ақпараттық жүйе иелерін азаматтардың жеке деректерінің тарап кету-кетпеуіне қатысты тексереді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Қолданыстағы заңнама жеке деректерді қорғайтын ережелерді қарастырады. Мәселе заңның жеткіліксіздігінде емес, заң талаптарының толық және дұрыс орындалмауында. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі әріптестеріміз қазір дербес деректердің «жылыстап» кетуіне қатысты талдауды аяқтады. Сонымен қатар бұл бір ғана тарап кету емес, әртүрлі уақытта және әртүрлі жүйелерден болған жылыстап кету тізбегі, - деп айтты комитеті басшысы.
Бүгінгі күні комитет ҰҚК-дегі әріптестерінен қосымша ақпарат күтіп отыр.
Енді біз егжей-тегжейлі ақпарат алуымыз керек және мемлекеттік бақылау жұмысын бастаймыз. Ақпараттық жүйелердің иелеріне барып, тарап кетудің бар-жоғын тексереміз. Бұл жұмыс туралы қосымша ақпарат береміз, - деп түсіндірді Руслан Әбдіқалықов.