- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда Алғыс айту күні: ризашылықтан басталатын бірлік тарихы
Қазақстанда Алғыс айту күні: ризашылықтан басталатын бірлік тарихы
Елімізді айтулы дата 10 жылдан бері аталып өтіледі.
Бүгiн 2026, 11:47
Жыл сайын 1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін бұл мереке – қиын сәтте қол ұшын созған жандарға, жанашырлық пен адамгершілікке негізделген шынайы ризашылықтың белгісі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл күн адамдардың бір-біріне деген құрметі мен қолдауының қаншалықты маңызды екенін еске салатын ерекше датаға айналды.
Алғыс айту күні ресми түрде он жыл бұрын бекітілгенімен, оның мәні мен мазмұны ел тарихының терең қабаттарынан бастау алады. Бұл – тағдыр талайымен қазақ даласына келген түрлі халықтардың ортақ өткенімен тығыз байланысты мереке.
Ұлы дала және ортақ тағдыр
Қазақстанның қалыптасу тарихы – сан түрлі адам тағдырының тоғысуы. Әр кезеңде бұл өңірге мыңдаған адамдар келді. Бірі жаңа жер игеріп, өндіріс орындарын ашуға, жолдар мен қалалар салуға атсалысса, енді бірі тарихи сынақтардың салдарынан туған жерінен күштеп көшірілді.
Сол қиын кезеңдерде Ұлы дала тұрғындары адамгершілік пен қонақжайлықты басты құндылық ретінде сақтап қалды. Қазақ отбасылары барымен бөлісіп, баспана мен жылу ұсынып, ертеңге деген сенім сыйлады. Қатал табиғат пен ауыр уақыттарда адамдарды біріктірген ең басты күш – өзара қолдау болды.
Осы тарихи тәжірибе нәтижесінде елімізде 130-дан астам этнос пен 17 діни конфессия өкілдері ортақ шаңырақ астында өмір сүретін бірегей қоғам қалыптасты. Қазақстан көптеген мәдениет пен дәстүр үндескен ортақ үйге айналды.
Алғыс мәдениеті – өткен мен бүгіннің жалғасы
Алғыс айту күні дәл осы тарихи жады мен өзара құрмет идеясын бейнелейді. Бұл мереке өткеннің сабақтарын бүгінгі күнмен байланыстырып, қоғамдағы ризашылық мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Мәдениеттанушы Сәуле Досболдың айтуынша, "рахмет" сөзінің өзі ежелде адамдардың бір-біріне амандық тілеген ниетінен туған. Уақыт өте келе ұзақ тіркес қысқарып, күнделікті қолданыстағы қарапайым алғыс сөзіне айналған.
Бүгінде алғыс айту – өміріміздің әр саласында көрініс табады. Ата-аналарға – өмір мен қамқорлық үшін, дәрігерлерге – аман сақталған тағдырлар үшін, ұстаздарға – білім мен сенім сыйлағаны үшін, әріптестерге – ортақ еңбек пен қолдау үшін ризашылық білдіру қалыпты дәстүрге айналды.
Алайда алғыс тек үлкен жетістіктерге ғана арналмайды. Кейде дер кезінде айтылған жылы сөз, шынайы көңіл бөлу немесе қарапайым көмектің өзі үлкен мәнге ие.
Қарапайым құндылықтарды біріктіретін мереке
Алғыс айту күні қазақстандықтарды мейірім, тарихи жады және ортақ болашақ алдындағы жауапкершілік сияқты маңызды құндылықтар төңірегіне топтастырады. Бұл күн бүгінгі тұрақтылық пен бейбіт өмір көптеген ұрпақтың өзара қолдауы мен ынтымағының нәтижесі екенін еске салады.
Бұл мерекенің негізгі идеясы қарапайым: алғыс – жай ғана әдеп үшін айтылатын сөз емес. Ол қоғамдағы сенім мен келісімнің іргетасы. Ризашылық мәдениеті қалыптасқан жерде адамдар арасындағы байланыс берік болып, қоғам тұрақты дамиды.
"Алғыс" сөзінің мәні
Филолог Гүлнар Берікқызының түсіндіруінше, «алғыс айтамын» тіркесінің өзі ризашылықтың мәнін толық ашады. Сөздің құрылымы жақсылыққа жауап ретінде жақсылық қайтару идеясын білдіреді және адамдар арасындағы рухани байланысты күшейтеді.
Бір дастархан басындағы бірлік
Қазақстандағы халықтар достығы – ресми ұғым ғана емес, күнделікті өмірдің шынайы көрінісі. Әртүрлі мәдениет өкілдері бір аулада, бір ұжымда, бір дастархан басында еркін араласып өмір сүреді.
Бір дастарханда борщ та, бешбармақ та қатар ұсынылуы — осы мәдени үндестіктің символы. Мұнда бастысы тағам емес, адамдар арасындағы сыйластық пен ортақ үй сезімі.
Мәдениеттанушы Сәуле Досбол мектеп өмірінен мысал келтіріп, түрлі ұлт өкілдері өз мәдениетімен бөлісіп, бір-бірін қызығушылықпен тыңдайтынын айтады. Бұл – қоғамның бөлінбей, бірге дамып келе жатқанының айқын белгісі.
Алғыс айту – өзімізге қойылатын сұрақ
Алғыс айту күні – күнделікті қарбаластан бір сәт тоқтап, ойлануға мүмкіндік беретін уақыт:
- Мен кімге алғыс айтуды көптен бері ойлап жүрмін?
- Қазір менің ризашылығымды естуі маңызды адам кім?
- Жанымдағы адамдарға алғысымды қаншалықты жиі білдіремін?
Кейде бір ғана шынайы сөз адамдар арасындағы байланысты нығайтып, жүрекке жылу сыйлауға жеткілікті. Алғыс – адамдарды жақындастыратын, сенімді арттыратын және қоғамды біріктіретін күш.
Алғыс айту күні бізге қарапайым, бірақ маңызды шындықты еске салады: ризашылық – жай атаулы дата ғана емес, ол қоғамның бірлігі мен болашаққа деген сенімінің негізі.
Ең оқылған:
- 1 наурыздан бастап не өзгереді?
- Щучинсктегі жарылыс: Астанаға жеткізілген бес науқастың да жағдайы ауыр
- Иранда мектепке жасалған шабуыл салдарынан 40 адам қаза тапты
- Шымкентте 75 жастағы азаматтан сібір жарасы анықталды
- Тегеранда жарылыстар болды: Израиль Иранға "алдын ала соққы" жасағанын мәлімдеді