Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы Иран деректерінде» атты көрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Көрмеде алғаш рет Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің архивтерінен табылған 27 ежелгі парсы қолжазбасының көшірмелері қойылды. Экспонаттар XVIII-XIX ғасырларда Қазақстан аумағындағы әлеуметтік-саяси және экономикалық процестер туралы құнды мәліметтер ұсынады.

Көрмені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан бірге тамашалады. Мемлекет басшысы Иран тарапына тарихи материалдарды ұсынғаны үшін алғыс айтып, олардың қазақ қоғамы мен ғылымы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
Қолжазбаларда Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Тәуке мен Әбілқайыр хандардың Иран шахтарымен дипломатиялық байланыстары, Түркістандағы саяси ахуал, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерін өндіру мәселелері сипатталған.

Архивтік материалдар Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи сауда, мәдени және рухани байланыстардың дамығанын көрсетеді. Сонымен қатар, Иран мәдени ықпалы Қазақстанның мәдени мұрасында да көрініс тапқан: мысалы, Әзірет Сұлтан кесенесіндегі Тайқазанды Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризи жасаған. Ғалымдардың есептеуінше, қазақ тіліндегі сөздердің шамамен 4%-ы парсы сөздерінен тұрады, мысалы: «астана», «пайда», «көрпе», «дәрі», «дәрумен», «аула», «ораза».
Көрмеге келген жұртшылық Қазақстан мен Иранның ортақ тарихындағы маңызды түпнұсқа деректермен, бірегей архивтік материалдармен таныса алады.